Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалында өнер көрсетеді

0
501

​Билли Джин Кинг кубогының финалы Глазгода өтетін болды. Биыл теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы тарихта алғаш рет осы турнирдің финалдық кезеңінде өнер көрсетеді.


Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалында өнер көрсетеді

ERNUR.KZ. Финал 8-13 қараша аралығында "Эмирейтс" аренаның жабық корттарында өтеді. Жарысқа 12 елдің – Ұлыбритания, Аустралия, Бельгия, Канада, Чехия, Италия, Қазақстан, Польша, Испания, Словакия, Швейцария және АҚШ командалары қатысады, деп жазады inbusiness.kz.

Олар үш-үштен төрт топқа бөлінеді. Ұлыбритания әйелдер арасындағы басты халықаралық турнирді төртінші мәрте ұйымдастырғалы отыр. Осыған дейін бұл елдегі жарыстар Лондонда (1963), Истбурнда (1977) және Ноттингемде (1991) өткен.

Билли Джин Кинг кубогының былтырғы жеңімпаздары – турнирдің бес дүркін чемпионы атанған ресейлік теннисшілер болатын. Наурыз айының басында Халықаралық теннис федерациясы (ITF) Ресей теннис федерациясы мен Беларусь теннис федерациясының мүшелігін тоқтатты. Бұл елдердің теннисшілері Билли Джин Кинг кубогына қатысу құқығынан айырылды. Осылайша, бұған дейін іріктеуде жеңіліп қалған Ұлыбритания құрамасы жарысқа корт қожайындары ретінде қатысады.

Бұл турнир бұрын Федерация кубогы деп аталды. Бірақ, бұл жарыс бұрынғы Әлемнің нөмірі бірінші ракеткасы, мансабында "Үлкен дулыға" турнирінде жекелей сында 12 рет, оның ішінде Уимблдонда алты мәрте жеңіске жеткен америкалық теннисші Билли Джин Кингтің құрметіне аталды.

Сонымен қатар Глазго ерлер арасында өтетін Дэвис кубогының топтық кезеңін қабылдайтын төрт қаланың бірі болмақ. Қазақстанның ерлер құрамасы D тобында АҚШ, Ұлыбритания және Нидерланды командаларымен бірге өнер көрсетеді.