Жанқош Тұраров қомақты гонорары бар келісімшарт үшін әлемдік турнирге қатысады

0
927

Жанқош Тұраров сәуір айында MTK Global-мен келісімшартқа отырған болатын.


Жанқош Тұраров қомақты гонорары бар келісімшарт үшін әлемдік турнирге қатысады

ERNUR.KZ. Қазақстандық Жанқош Тұраров (23-0, 16КО) MTK Global белді менеджерлік компаниясы өткізетін Golden Contract («Алтын келісімшарт») турниріне қатысатын кәсіпқой боксшылардың тізіміне енгізілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Турнирдің алғашқы маусымы жартылай жеңіл, бірінші жартылай орта және жартылай ауыр салмақтарда өтеді. Әрбі санатқа сегіз боксшыдан енген. Жеңімпаз спортшылар жетекші промоутерлік компаниялардың бірімен екі жылға келісімшартқа отырады.

«Оның барысында бес жекпе-жек өткізіп, оның әрқайсысы үшін алты цифрасы бар гонорар алатын болады. Сондай-ақ әлемдік деңгейде танылуға кепілдік беріледі», - деп жазылған сайтта.

Бұл ретте, Golden Contract қатысушылары қарсыластарын айқастан бір апта бұрын ғана білетін болады. Нокауттар үшін ақшалай бонустар қарастырылған. Жартылай орта салмақтағы Тұраровпен бірге турнирге IBO-ның экс-чемпионы француз Мохамед Мимун (21-3, 2 КО), швед Энтони Йигит (24-1-1, 8 КО) және британдықтар - IBF нұсқасы бойынша Еуропа чемпионы титулының иегері Аким Эннис Браун (13-0, 1 КО), Охара Дэвис (19-2, 14 КО) және WBC Inter-Continental-дың екінші дәрежелі титулына ие Тайрон МакКенна (19-1-1, 6 КО) қатысады. Толық тізім кейінірек белгілі болады. АҚШ-та өтетін турнирдің жекпе-жектерін ESPN телеарнасы көрсетеді.

Еске салайық, Жанқош Тұраров сәуір айында MTK Global-мен келісімшартқа отырған болатын. Соңғы жекпе-жегін биылғы шілде айының 6-сы күні елордадағы «Барыс-Арена» кешенінде өткізді. Бокс кешінің басты айқасында Тұраров аргентиналық Максимилиано Годоймен (31-4-1, 16 КО) кездесті. 10 раундқа есептелген жекпе-жек үшінші раундта уақытынан бұрын аяқталды.

Қазақстандық боксшы Годойды нокдаунға жіберді. Бұл - 28 жастағы Жаңқоштың 24-ші жеңісі болды. Ол қарсыластарын 17 рет нокаутпен жеңген. Бір де бір рет жығылып көрмеген. Бокс кешін британдық MTK Global компаниясы мен америкалық Top Rank ұйымдастырды.