​БӨТЕН үйде жүргенде бетегеден БИІК, жусаннан АЛАСА болған жөн

0
1 140

Осыны студент балаңыздың құлағына құйыңыз.


​БӨТЕН үйде жүргенде бетегеден БИІК, жусаннан АЛАСА болған жөн

Жазғы демалыс жақындап қалды. Балалардың ауылдан қаладағы туыстарға, қаладан ауылдағы ағайынға қыдырып баратын маусымы. Мектеп бітірген түлек те арман қуып үлкен қалаларға аттанғанда бастапқы уақыттарда туған-туыстың үйін жағалауға мәжбүр.

Басқа үйге балаңды жібергенде өзін қалай ұстауды үйретіп, тәртібін мығымдап жіберу керек. Осыны барлық ата-аналар ескеріп, бөтен үйде өзін қалай ұстау керегін үйретіп, құлағына құйып жіберсе, қандай жақсы?! Бұл өзі секілді өзге аналарға, келіндерге деген үлкен сыйластығы және жәрдемі болар еді.


•Қазақ ежелден-ақ киіз үйдің шаңырағын биік тіксе де, есігін төмен салған. Адам қандай кең, қаншалықты биік үйге келсе де, басын төмен салып, иіліп кіруі үшін. Себебі әр үйдің өз киесі бар, иесі бар. Бөтен үйге барғанда менменсуден, кеудеңді керуден аулақ бол, кішірейіп, кішіпейіл бол.


•Мейлі, ата-апаңның ең сүйікті немересі бол. Мейлі, нағашыңның ең қатты жақсы көретін жиені бол. Мейлі, ағаңның ерке інісі, әпкеңнің серке сіңлісі бол. Сонда да ата-әжеңнің, нағашыңның, аға-әпкеңнің үйі – ол біреудің үйі. «Өз үйіңдей көр» десе де, біреудің үйінде еркелігіңді шектеп, тентектігіңді тізгіндеп жүруің керек.


•Әр үйдің өз ішкі тәртібі болады. Басқа үйге барғанда «біздің үйде осылай еді» деп менің үйреткенімді жасама. «Сіздерде қалай?» деп сұрап, сол үйдің тәртібімен жүріп-тұр.


•Үйіне барып, қолынан ас ішкен туыс-таныстарға көмегі керек болғанда ғана емес, арасында жағдайын сұрауға, тірлігіне көмектесуге, мерекеде құттықтауға да барып тұр. Алғысыңды айтып жүр. Қолыңда азды-көпті қаражатың болса, сыйлық, тәтті-пәтті ала бар.


•Біреудің үйіне барарда міндетті түрде хабарласып, рұқсат сұра. Олар таңнан кешке дейін қашан келеді екен деп сені ғана күтіп отырған жоқ. Жұмысы, баратын жері, басқа да жоспары болуы мүмкін. Кедергі келтірме.


•Ешқашан құр қол барма. Айран-сүт, көкөніс, жеміс... Тым болмағанда нан апар.


•Барған үйіңде ұлдың жұмысы, қыздың ісі деп бөліп қарамай, үй тірліктеріне жәрдем бер. Ол үйдің адамдары саған қызметші емес. Ас ішкен жеріңді жинас. Жуынған жеріңді тазалап кет. Төсегіңді жинап қой. Киімдеріңді шашпай, реттеп жүр.


Міне, осы секілді, басқа да өзіңіз орынды көрген кеңестерді студент немесе оқушы балаңыздың құлағына құя жүріңіз. Мейлі өз туғанының үйіне барсын, мейлі ағайын, туыс, танысқа барсын, қайда болса да, өзін әдепті ұстаса ғана сыятынын, әдепсіз қылық көрсетсе, сыйсыз болатынын ескертуден жалықпаңыз.

Тағы бір айта кететіні, тура осындай әдеп ережелерін төркіндеп келген қызға да құлаққағыс қылуға болады. Себебі, тұрмыс құрып кеткен қыздар арасында да ата-анасының үйіне келгенде барынша тыныққысы келіп, тым шектен шығатындар бар. Әке-шешемнің үйі, ағамның тапқаны деп тайраңдап кететіндер кездеседі. Сол үйдегі келінді қызметшідей көреді. Өздері бір үйдің келіні, анасы бола тұра, өзі секілді келінін, жеңгесін неге түсінбейді?

Қанша жерден жақынының үйінде жүрсе де, шектен тыс еркелеу, өз білгенімен жүріп-тұру, үйдегі адамдарға жайсыздық туғызу – қате. Кез келген адамға өз туған үйінен басқаның бәрі – бөтен үй. Ал бөтен үйге бетегеден биік, жусаннан аласа болып кіріп-шыққан абзалырақ.

Дайындаған: Самал Жансерік,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ҚАРТАЙҒАН ата-анамен ҚАЛАЙ СӨЙЛЕСУ керек?