«Жұмыс істемейсің, өзім асыраймын» деген ЖІГІТТЕН АУЛАҚ БОЛҒАН ДҰРЫС па?

0
1 374

Мұндай жігітпен бірге жарқын болашағың құрылмайды, керісінше, құрдымға кетеді.


«Жұмыс істемейсің, өзім асыраймын» деген ЖІГІТТЕН АУЛАҚ БОЛҒАН ДҰРЫС па?

Тұрмыстағы қазақ әйелінің өмірі күйеуіне тәуелді деуге болады. Себебі, біздің қоғамда әйелге, келінге көп құқық берілмейді. Керісінше, қыспақ көп. Оның басым бөлігі өз ер-азаматынан болатыны ащы ақиқат.

Қыздарда басы бос кезде таңдау-талғау мүмкіндігі бар. Ал келін боп түскеннен кейін көп мүмкіндіктен айрылады – өз ой-пікірін айту, өз қалауымен жүру, өз таңдауын жасау, т.с.с. Өзін, өзіндік МЕН-ін ұмытады. Басына желек байлана салысымен басыбайлы күңге, үй қызметшісіне, үнсіз-тілсіз тіршілік иесіне айналып жатқандар қаншама.

Міне, осы себептен болашақ күйеуді таңдауда аса ұқыпты болған жөн. Маздаған махаббатқа, соқыр сезімге сүйеніп шешім шығаруға болмайды. Келешегім күйремесін десең, мынадай іс-әрекетке жол берген жігітке жолама.


  • Сын айтып, мін таға берсе...

«Толып кеткенсің ба?», «Бетіңдегі бояуды жуып тастасаң, сені танымай қалмаймын ба?», «Мына киім саған жараспайды екен», «Тісің қисық екен ғой, е...», «Дұрыстап жүрсейш, сен үшін достарымнан ұялып қалмайын», «Маған мұндай ұнамайды, осы жеріңді өзгертші»...

Осы сияқты сырт келбетіңе, мінез-құлқыңа сын айтып, мін терген жігіттен аулақ қаш. Себебі бұл – сені сыйламайтынының айқын белгісі. Сүйетін, қазір де, болашақта да сыйлай алатын жігіт бұлай атпайды. Таныстықта жүрген кезде осындай сөздерді ести тұра үнсіз қалсаң, теріс бұрылып кетіп қалмасаң, жігіт айтуын азайтпайды. Аз күнде әдетке айналады. Сенің де етің үйреніп, қалыпты әзіл деп қабылдай салатын боласың. Ең жаманы, «Мені жақсы көргесін, болашақ әйелі деп санағасын, жаман жағымды түзегісі келіп жатыр» деп жақсы жағынан қабылдайтын жағдайға жетсең, шаруаңның біткені. Тәуелді, ауру қатынасқа басың байланды деген сөз. Енді бұл жігіттен болашақта ұрып-соғып жатса да кете алмайсың.


  • Ауырғанда, қамқорлық жасамаса...

Ауырып қалған жағдайда таныстықта жүрген жігіт әлі күйеуің еместігін алға тартып, жағдайыңды сұрап келмей ме? Отбасыңнан ыңғайсызданатыны сылтау ма? Дәрі-дәрмегің бар-жоғына бас қатырмай ма? Халің нашар болғанда төбе көрсетпей, сау кезіңде «сүйем-күйем» деп қасыңнан шықпай ма? Ендеше одан күйеуің болғанда да қамқорлық көрмеуге, қиын жағдайларда жалғыз қалуға дайын бол. Немесе «Менің ер-азаматым маған қамқор болуға тиіс» деген шартпен таныстықты тоқтат.


  • Өз анасымен салыстырса...
«Менің мамам мүлде қателеспейді. Ол не айтса да, соныкі дұрыс. Анамдыкіндей етіп тамақты ешкім пісіре алмайды. Сен мамама жете алмайсың. Ертең келін болғанда анама бір ауыз қарсы сөйлемейсің. Анамның көңілін таба алсаң ғана саған риза боламын»...

Осындай сөздермен анасын төбесіне көтере сөйлеуді көп жігіттер абырой көреді. Алайда онысымен бір адамды аспандатса, екінші біреуді жерге тығып жатқанын аңғармайды. Анасына деген махаббатын басқаларды кемсітпей-ақ білдірудің жолын іздемейді. Себебі, «екінші біреулердің» көңілі, сезімі ол үшін маңызды емес. Маңызды – анасы ғана. «Анасын жақсы көретін, қатты сыйлайтын бала болашақта өз әйелін, қызын да тура солай жақсы көреді, сыйлайды» деп ойласаң, қателесесің. Ол өмірінің соңына дейін өз анасын ғана құдайдай көріп өтеді. Ал әйелі – көлеңке болып қала береді. Оның ой-пікірімен санаспайды, онымен отбасылық серіктес болмайды. Себебі, санасатын, ақылдасатын, пікірін тыңдайтын, шешім қабылдауға көмектесетін анасы бар.


  • Басқа қыздарға қараса...
Жігіттің басқа да қыздарға көз салып жүргенін байқадың ба? Не деп ақталады? «Олар әшейін уақытша ғой. Қатын болатын қыздар емес. Қаншауына қарасам да, сені ғана әйелім ретінде көремін. Жігіттің бәрі жүреді. Үйленгеннен кейін бәрі қалады, біз ең бақытты отбасы боламыз»... Осындай сөздеріне сеніп қалып жүрсің бе? «Сонша қыздардың ішінде мені ғана әйелі ретінде таңдап тұр ғой» деп ризасың ба? Кішкене шыдасам болды, үйленіп алсақ, бәрі артта қалады деп ойлайсың ғой. Ендеше сенің көзіңде қызғылт көзілдірік, құлағыңда өте ұзын кеспелер. Бүгін бір қызбен іші пысып, басқа да қызық іздейтін жігітке ертең ешқандай неке, бала, әйел тұсау бола алмайды. Себебі, мұнда қандай да бір бейсаналық себеп, дұрыс емес тәрбие бар.


  • «Жұмыс істемейсің, өзім асыраймын» десе...

«Маған тисең, жұмыс істемейсің. Ақшаны өзім табамын, асыраймын. Сен ата-анамның (менің) жағдайын жасап, бала тәрбиелеп үйде отырасың»

Жігіттің осындай шартын шексіз қамқорлық деп санайсың ба? «Ол менің жұмыс істеп қиналғанымды қаламайды. Мені барлық қажеттілігімді өзі қамтамасыз етеді. Бар жағдайымды жасайды. Мен тек үйдің ханшайымы болып, күйеуімнің гүлі болып рақаттанып өмір сүремін» деп мәз болма. Ол сені үйінің емес, ас бөлменің ханшайымына айналдырғысы келеді. Қызметші деп қатты айтуға да болады. Қасында еріп жүретін емес, құтыға отырғызылған, бір орыннан қозғалмайтын гүл жасағысы келеді.

Біреудің ақшасына күн көргенде аштан өлмеуің мүмкін, бірақ өзіңе көп нәрсеге рұқсат та бере алмайсың. Күйеуге толықтай тәуелдісің. Шектеу, тыйымдар, саған ненің керек, ненің керек емесін өз бетінше шешу, біржақты билік, асырап жатқанын міндетсіну сындылар міндетті түрде болады.


  • «Мен сенсіз өмір сүре алмаймын»

Ұрысып қалсаңдар «Мен сенсіз өмір сүре алмаймын. Жаным, Жәмилә, қайтшы» деп жылап-жалбарынатын, аяғыңа жығылатын, қашан «Кешірдім» демейінше есігіңнің алдынан кетпей қона жатып алатын жігіттің әрекетін шын махаббатқа баласаң, оңбай от басқаның.

«Қайтемін енді, осыны қоя алмай жүрмін. Қойғым келеді, бірақ өзімді жеңе алмай жатырмын» деп жыламсыраған жігітті құмар ойыннан, ішімдіктен, басқа да жаманшылықтан құтқарғың келіп жанталассаң, өмір бойына мойныңа аса ауыр жүкті артып алғаның.

«Ешкімге сөйлеме! Оған қарама! Анда барма! Мұнда жүрме! Мен сені қызғанамын!» деп құтырынған жігіттің дегеніне «Қызғанса, демек сүйеді» деп көне берсең, өзіңді өмір бақиға темір торға, тар қапасқа қамағаның.

Бұл арақатынаста сен үшін ешқандай жақсылық жоқ. Себебі мұндай сөздерді айтатын, осындай қылық көрсететін жігіт дұрыс, сау қарым-қатынас құра алмайды. Ол үнемі бірдеңеге не біреуге кіріптар болмаса, жүре алмайды. Себебі өзі соған бейім, тәуелділікке аңсары ауып тұрады. Ал, тәуелділіктің жақсы түрі болмайды.

  • Басқа әйелді жамандаса...
«Ой, сенің құрбыларың нашар. Ішінде тәуірі сен ғана ғой. Қалай араласып жүрсің солармен?»; «Ағамның әйелі нағыз мыстан. Байғұс ағам момын ғой, жеңгем басына шығып алған»; «Досымның қызы онша жақсы емес ше. Алдап-арбап, басын айналдырып алған ба... Қалай жақсы көріп жүргенін қайдам. Сен оның қасында алтынсың ғой»; «Қазіргі қыздар бұзылған. Айтқанды тыңдамайды. Еркекті сыйламайды. Қазір дені дұрыс қыз табу қиын. Әйтеуір сені тауып алғаныма ырзамын»; «Бастығым қатын ғой. Қаныңды ішеді. «Қатын басқарған көш оңбайды» деген рас негізі. Ата-бабамыз біліп айтқан ғой»...

Осылайша бөсіп, сенің астыңа бөстек қойып, басқа әйел адамын іске алғысыз ететін жігіттің өзі жақсы емес. Осындай сөздерін ести тұра, бүгінгі мақтауына марқайып оған тиіп кетсең, ертеңгі күні «Жұрттың әйеліне қарасаң әуесің кетеді. Сенікі не...» деп сені де даттайтыны анық.


  • «Жоқ» дегенді түсінбесе...
«Қыздың «жоқ» дегені – «иә» дегені» – жігіттердің көбі осы сөзге қатты сенеді. Өйткені, қыздар осы ойынды өздері бастап береді. «Қарындас, сізбен танысуға бола ма?» деген алғашқы сұрақтан-ақ іштей танысқысы келіп тұрса да, «Жоқ» дейді. Бірақ жігіт қайтпай, сөзге тартса, танысады. Келе-келе «Мен саған ұнаймын ба?» деп сұраса, «Қыз жігітке сезімін қатты білдірмеуі керек» деген қағиданы ұстанып, шынайы жауапты тағы жасырады. Ал жігіт уақыт өте бұл жауаптардың жалған екенін біледі. Содан келіп қыздың ой-пікірін, шешімін, қалауын қабылдамау пайда болады. «Маған бұл ұнамайды», «Мұны қаламаймын», «Бұлай жасауға болмайды» дегендей қарсылық сөздерін ести тұра, қаперіне ілмейді. Өз ойындағыны істейді. Осындай қарым-қатынаста бақытты боламын деп ойлайсың ба?

Өзің де жұмбақ ойын ойнап, жігіттің басын қатырма. Бір нәрсені қалай тұра, өзі түсінсін, өзі біліп алсын деп, «қаламаймын» деуші болма. «Бұлай айтсам жаман қыз боп көрініп қаламын ба» деп, шынайы жауапты жасырма. Өзің қаламайтын нәрселерге ғана «жоқ» деп, қалауыңды «ия» деп ашық айт. Және осы ережені жігітіңе де түсіндір. Бастапқы жаңсақ қағидадан қайтпаса, бұл қарым-қатынасты әрі қарай соза бермей, өзің қайтқаның абзал.


  • Өз сәтсіздігіне сені кінәласа...
«Сені тыңдап осылай істеп едім, дұрыс болмады. Сен үшін осы қадамға барып едім, өкіндім. Сен осылай істегесін, көңіл-күйім болмай қалды. Еркектің көп ақша табу-таппауы әйеліне байланысты. Еркек теріс жүріс жасаса, оған әйелі кінәлі. Демек, жақсы әйел бола алмаған, дұрыс махаббат бермеген»

Осындай сөздермен өзіндегі барлық жаманшылыққа қасындағы қызды кінәлі ету кей жігіттер үшін қалыпты нәрсе. Бірақ қыздардың ешқайсысы үшін бұл қалыпты нәрсе болмауға тиіс. Себебі кім де кім болмасын, өз жағдайы, шешімі, көңіл-күйі үшін өзі ғана жауапты. Осындай сөздерді естіген сәтте «Менің не қатысым бар?» деп дауласу, кінәсіздігіңді жігітке дәлелдеу – бос әурешілік. Тіпті, артынан «Кешір, ашумен айттым» деп қатесін мойындаса да, ол маңызды емес. Себебі, мұндай сөздерді ол о баста айтпауы керек еді. Айтты ма, ендеше, болашақта да барлық жағдайда кінәні бірінші кезекте сенен іздейтін болады.


  • Үнемі бірдеңені күтумен жүрсе...
«Бір жақсы жұмысқа резюме тапсырып қойдым. Содан хабар келу керек»; «Бір бизнес бастағалы жүрмін. Сол жүріп кетсе, жағдайым жақсарады»; «Жездем қасына алуға уәде беріп еді, шақырғанын күтіп жүрмін»; «Ой ол жұмыс маған қол емес екен. Ақшасы істеген жұмысыңа арзымайды. Жұмыстан шығып кеттім. Әзірге айлық көп төлейтін жер іздеп жүрмін»; «Былай да, былай да әрекет жасадым. Болмай жатыр ғой. Құдай да мені өлтірмес, әйтеуір бір күні берер. Осыдан көресің, әлі-ақ байып кетемін. Шалқып өмір сүреміз»

Дәл қазіргі сәтте жұмыссыз, қалтасында ең болмағанда өзіне жететін қаржысы жоқ, ата-анасы, ағаларынан ақша алатын, қыздан қарыз сұрайтын жігіт пе? Қашан көрсең жақсы жұмысты, кәсібінің дөңгелеуін, көп ақшаны күтіп жүретін жігіттің «арман атына» екінші адам болып мінгессең, қиялдың қанатында әлі ұзақ қалықтайсың. Ал шынайы өмірің тұп-тура керісінше өрбиді.


  • «Бала емес, бәле» десе...
Өзгенің баласына мейіріммен қарай алмайтын, одан да сорақысы – «Бала емес, бәле» деген сөзді айтатын жігіттен жақсы әке шықпайды. Балаларға қатысты қандай да бір негатив айтуға аузы барса, көмек керек боп тұрған балаға қол ұшын созбай өтіп кетуге дәті жетсе, бұл жігіттен туылатын болашақ ұл-қыздарыңа жаның ашысын.


  • «Еркек ұрса, әйел өзі кінәлі»...
Осындай пікірдегі жігіт болашақта әйелін кез келген кінәсі үшін ұрып-соғып жазалайтын болады. Оның қасында өзіңді жақсы сезінгеннен емес, қорыққаннан өмір сүресің. Ең жаманы, уақыт өте келе төмпештегеніне төзіп, «Ашумен өзін-өзі ұстай алмай қалды», «Ұрайын деп ұрған жоқ, жай қолы тиіп кетті», «Көп ұрмайды, андааа-сандааа... ондай-ондай барлық отбасыда болып тұрады», «Өзімнен де кінә бар» деп өз ішіңде оны ақтауды үйренесің. Мұның соңы жақсылықпен бітпейді.

Сондықтан қазіргі «Күйеуі ұрса, әйел өзі кінәлі да. Тілінен тапқан шығар. Жынды болмаса, не болса соған ұра бермейді ғой. Небір әйелдер бар. Сен ондай емессің ғой. Ақылың бар. Менің айтқанымды істеп жүрсең, ұрып нем бар» деген сөздеріне алданып қалма.


Таныстықта жүрген жігіттің бойынан осы әдет пен әрекеттердің бірін болсын байқасаң, тез арада сөйлесіп, шешіп алуға тырыс. Саған мұндайдың ұнамайтынын ашып айт, неге екенін түсіндір. Сені ұғып, өзімен жұмыс жасап, өзгеріп, екінші рет қайталамаса, қарым-қатынасты жалғастыруға болады. Ал қарсы болып «Көнсең – осы, көнбесең – жолың ашық» десе немесе «Болды, қойдым» деп уәде беріп, іс жүзінде «баяғы жартас сол жартас» болса, жақсылап ойлан. Мұндай қылықтарды жасайтын жігітпен бірге жарқын болашағың құрылмайды, керісінше, құрдымға кетеді.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Балаңыздың ортасы "нашар" болса...