100 жыл ішінде мектептен мыңдаған адамдар өмірге жолдама алды. Олар облыста, республикамыздың әр аумағында, тіпті шетелдерде абыройлы қызмет етуде.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы М.Қашқари атындағы жаратылыстану бағытындағы мектеп лицейдің құрылғанына 100 жыл толды. Бір ғасырлық мерейтой Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында сән салтанатпен аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ өңірдегі тілшісі.
Театрландырылған қойылым арқылы мектеп тарихын көрсеткен ұстаздар мен оқушылар әсем әндер орындап, мың бұрала би биледі. Сәні мен салтанаты жарасқан сахнада сөз алған қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев Қарнақ ауылының тұрғындары мен мектеп ұжымын және оқушыларды құттықтады.
- Жалпы 2000 жылдық тарихы бар Қарнақ ауылы ағартушылық пен білімнің, ғылымның ордасы болған жер. Мұнда есімдері елге етене таныс ойшылдар Шәді Төре, Шоқан Уәлиханов, Шортанбай Қанайұлы, Бұхар Жырау, Мұсабек Байзақов, Әбубәкір Сандыбаев және Мұхтар Әуезовтің атасы Бердіқожа секілді көптеген зиялы қауым оқып, білім алған. Құрылғанына бір ғасыр толып отырған білім ордасы - бүгінде қаламыздың жетекші, маңдайалды мектебіне айналды.
Үлгілі білім шаңырағының бүгіні де игі істерге толы, болашағы да жақсы үміт ұялатады. Бүгінде оқушыларда жақсы білімімен республикалық деңгейде алдыңғы орыннан көрініп отыр. 100 жыл ішінде мектептен мыңдаған адамдар өмірге жолдама алды. Олар облыста, республикамыздың әр аумағында, тіпті шетелдерде абыройлы қызмет етуде. Осы мерекелі күні мектеп ардагерлеріне, есімдері елге белгілі ғалымдарға, қайраткерлерге, абзал азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Бай дәстүрі бар мектептің қызметі алда да жемісті болатынына сенімім мол – деген қала басшысы алдағы жылдары мектеп ғимараты жөндеу жұмыстарынан өтетіндігін айтып өтті.
Іс-шарада «Дустлик» өзбек қауымдастығының төрағасы Иерам Хашимжанов, облыстық «Жанубий козогистон» газетінің редакторы Алишер Сотволдиев арнайы құттықтауын жеткізіп, сыйлықтар табыс етті. Мұнан соң көпшілік мектеп оқушылары дайындаған қол өнер көрмесі мен дарынды оқушылардың қолынан шыққан түрлі ғылыми жұмыстарды тамашалады.