​Энергетика вице-министрі Түркістан облысы тұрғындарының мәселелерін тыңдады

0
702

Әлібек Жамауов министрлік тарапынан сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.


​Энергетика вице-министрі Түркістан облысы тұрғындарының мәселелерін тыңдады

Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі орталығы» музейінде Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Түркістан облысының тұрғындарымен еркін форматта кездесу өткізді. Жиынға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов модераторлық етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әлібек Жамауов министрлік тарапынан сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Отын-энергетика кешеніндегі қазіргі жағдайды және өңірді газдандыру мәселесі туралы мәлімдеді.
" Түркістан облысының жаңартылатын энергия көздерін дамыту әлеуеті жоғары. Бүгінгі таңда облыс жаңартылатын энергия көздерінің қуаты бойынша республикада көш басында. Өңірде жалпы қуаттылығы 278 МВт болатын 21 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде қуаты 16 МВт болатын 8 күн электр станциясы және қуаты 262 МВт болатын 13 конденсациялық электр станциясы бар. Ал 2025 жылға дейін қуаттылығы 48 МВт болатын 7 нысанның құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде қуаты 8 МВт 4 күн электр станциясы және қуаты 40 МВт болатын 3 конденсациялық электр станциясы іске қосылмақ. Барлық бағыт бойынша әкімдікпен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Біз үшін сіздердің де ұсыныстарыңыз маңызды. Мәселе болса, ашық, бүкпесіз айтсаңыздар, әкімдікпен бірге шешуге атсалысамыз", – деді Әлібек Жамауов.
Өңірді газдандыру жұмысы былтыр қарқын алды. 2023 жылы 60 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Бүгінгі таңда тұрғындардың 77 %-ы, шамамен 1,6 млн адам табиғи газға қосылуға қол жеткізді. Биыл 14 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл 15 елді мекенді немесе 26 мыңға жуық адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Кездесу барысында вице-министр тұрғындарға ЖЖМ нарығын үздіксіз қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы түсіндірді. Оның айтуынша, ел игілігі үшін бірқатар шаралар қабылданып, жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта елімізде мұнай өнімдерін автокөлікпен әкетуге тыйым салынды, ресурс ұстаушыларды жанар-жағармайды тікелей жанармай құю станцияларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды. Мұнай жеткізу және мұнай өнімдерін өткізу кезінде «өнімсіз» делдалдар жойылды, резиденттікке және жанармай құю көлеміне байланысты сараланған бағалар енгізілді, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне және жанар-жағармай құю станцияларына дизель отынының жеткізілімдерін бақылау үшін жеке ПИН-кодтар енгізілді. Қазақстан мен көрші елдер арасындағы жанар-жағармайға баға теңсіздігін (диспаритетін) төмендету үшін бұйрық қабылданды. Қабылданған шаралар елдегі жанар-жағармай бойынша жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
Басқосуда жиналған қауым өзекті мәселелерді ортаға салып, вице-министрге ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, жекеменшік компаниялардың өкілдері сұйытылған газ, шекті баға, цифрландыру мәселелерін қозғады. Әлібек Жамауов бағаны басқа өңірлермен теңестіру бойынша Ұлттық банкпен бірлесе жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді. Созақтық тұрғын ауданда табиғи газ жоқ екенін алға тартты. Созақ ауданына «көгілдір отын» жеткізу биылға жоспарланған. Бұдан бөлек, Кентау қаласындағы жылу, электр энергиясының тарифін төмендету, Түркістандағы тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру, газ есептеуіш құралдарын тексеру және басқа да мәселелер айтылды.
Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов кездесуде көтерілген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Кездесу соңында Әлібек Жамауов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.