Мерекелік шарада қаланың дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтар «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атағын алды.
Кентау қаласының құрылғанына биыл 63 жыл толып отыр. Қала күні мерекесіне орай қаладағы орталық Ясауи даңғылының мекетінің бейнеленген торт пісіріліп, қала тұрғындарына таратылды – деп хабарлайды ERNUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі.
Сондай-ақ, мерекеге Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата мен әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров арнайы қонақ болып қатысты.
Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының тұғырында өткен «Келешегі кемел - Кентау» атты салтанатты жиында сөз алған қала басшысы көпшілікті мерекемен құттықтады.
Қала тұрғындары мен қонақтары қалада өндірілетін өнімдер көрмесін, ұлттық салт-дәстүрлерге арналған шаралар мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды тамашалады.
Мерекелік шарада қаланың дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтар «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атағын алды.
Іс-шарада қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев мерекелік лебізін білдірді. Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата да құттықтауын жолдады.
Мерекелік іс-шараны актриса Жұлдызай Дүйсенбиева мен қаланың жас өнерпазы Бақыт Мыңбай жүргізді. Әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров әсем әндер орындап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Қала өнерпаздары да Кентау қаласы жайлы әндер шырқады.