ОҚО: ​Мақтарал ауданы екіге бөлінді

0
6 675

Іс-шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев пен облыстық мәслихат хатшысы К.Балабиев арнайы қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ. тілшісі.


ОҚО: ​Мақтарал ауданы екіге бөлінді
фото: әлеуметтік желіден

ERNUR.KZ.Мақтарал ауданының Атакент кентінде орналасқан "Алпамыс батыр" орталық стадионында ауқымды мәдени іс-шара болып өтті. Халқы тығыз орналасқан Мақтарал ауданын "Мақтарал" және "Жетісай" аудандарына бөлу жайындағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 5-маусым күнгі Жарлығына қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылып өткізілген іс-шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев пен облыстық мәслихат хатшысы К.Балабиев арнайы қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ. тілшісі.

"Осыдан 21 жыл бұрын егемендіктің елең-алаңындағы қиын-қыстау кезеңдерде сол кездегі Мақтарал, Жетісай және Асықата аудандары біріктіріліп іріленген Мақтарал ауданы құрылған болатын. Енді міне, еңсеміз тіктеліп, қуатымыз қайта артқан тұста қайта қалпына келтіріліп отыр. Аталған шешім жаңа аудандарда жаңа жұмыс орындарын ашуға, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруға өз ықпалын тигізеді. Бұл жарлық енбекқор елдің қуанышымен бірге табысын да еселеп арттыратындығы анық. Сондықтан да оңтүстікқазақстандықтардың атынан уақыт талабымен шешім қабылдап, халықтың сұранысына сай қадам жасаған Елбасымызға алғысымызды айтамыз", - деді өңір басшысы Жансейiт Қансейiтұлы.

Облыс әкімі аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіғаппар Исаевқа Елбасы жарлығын табыс етті. Содан соң Жансейiт Түймебаев облыс пен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік сүбелі үлесін қосқан бірқатар азаматтарға "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Бірқатар азаматтарға облыстық мәслихат хатшысының "Құрмет грамоталары" табысталып, "Ауданның Құрметті Азаматы" атағы берілді. Салтанатты жиын соңында республикаға танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама қойылып, мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Айта кетейiк, аталмыш шараға ауданнан 6 мыңға тарта тұрғын қатысты.