ОҚО-да тасқын судан қауіп жоқ

0
1 089

Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан қауіп жоқ және жағдай тұрақты бақылауда. Бүгінгі таңда аудан, қалаларда тасқынға қарсы штабтар құрылып, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылуда, -деп хабарлайды ERNUR.KZ ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


ОҚО-да тасқын судан қауіп жоқ

Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан қауіп жоқ және жағдай тұрақты бақылауда. Бүгінгі таңда аудан, қалаларда тасқынға қарсы штабтар құрылып, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылуда, -деп хабарлайды ERNUR.KZ ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс аумағындағы барлық су қоймалары мен өзен көлдерге күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бұл туралы селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі су қоймаларының орташа толуы 35-60 пайызды құрайды. Қаңтар айының соңында ауа-райының қатты суық болуының салдарынан Сырдария өзенінде мұз қатқан. Қазіргі таңда мұз еріп, өзен бойында орналасқан аудандарда жағдай бақылауға алынған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан «Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешені» жол картасына 98 инженерлік шаралар енгізілген.

«Жол картасына сәйкес 2017 жылы 247 елді мекенде төтенше жағдайдын алдын алу және жою бойынша 42 шара ұйымдастырылды. Бұл мақсатқа 3,5 млрд. теңге бағытталған. Бадам, Келес, Шаян өзендерінде арна түзеу, қорғаныс дамбалары және 2530 метр жаға бекіту мен 3,08 шақырым бөгет тұрғызу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, 352,3 шақырымдық бұрыннан бар дамбалар нығайтылып, 49 шақырым жаңа бөгеттер салынды. Бұдан бөлек, 52,5 шақырым өзен жағалаулары бекітіліп, 673,3 шақырым арық-каналдар, 397 бірлік су өткізу құбырлары тазаланды. Жергілікті халықты хабардар ету үшін дабыл беру қондырғылары сатып алынды», - деді Жансейіт Түймебаев.

2018 жылға жоспарланған тасқынға қарсы 39 іс-шараға жалпы 2,6 млрд. теңге қаралып, бүгінгі таңға сметалық құжаттар толық дайындалған. Облыстық бюджеттен 18,5 млн. теңге бөлініп, жаңадан салынатын су қоймалардың орындарына зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде су жинақтау көлемі 378,64 млн. текше метрді құрайтын 26 су қоймасын салу қарастырылуда.

Өңірде қар мен жауын-шашынның 40-50 пайызға аз түсуіне байланысты тасқыннан айтарлықтай қауіп күтілмейді.