ОҚО-да эпизоотиялық ахуал қалыпты деңгейде

0
1 329

Сондай-ақ, 50 ішкі сауда орны мен 34 мал базарда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ветеринариялық-санитариялық объектілерге жауапты мамандар бекітіліп, күнделікті бақылау және қадағалау жұмыстары атқарылып отыр.


ОҚО-да эпизоотиялық ахуал қалыпты деңгейде

Оңтүстік Қазақстан облысында бекітілген жоспарға сәйкес жануарлар арасындағы аса жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша вакцина егу және аллергиялық тексерулерге қажетті дозалар уақытында жеткізіліп, алдын алу жұмыстары мерзімінде орындалуда. Бүгінгі таңда облыс көлеміндегі эпизоотиялық ахуал тұрақты дейгейде. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ОҚО бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Сейілбеков Тілләбек мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта наурыз айындағы жоспар толығымен орындалып, сәуір айындағы орындалатын іс-шаралар атқарылуда. Құтыру ауруының алдын алу бойынша 172 млн. теңге қаржы қаралып, 13 832 қаңғыбас ит-мысықтар ауланып жойылған.

«Облыс көлемінде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 49 дана типтік үлгідегі «Беккари» шұңқыры, 272 дана қарапайым өлексе тастайтын шұңқыр және 14 дана арнайы пеш қарастырылған. Ал энзоотиялық аурулардың алдын алу бойынша облыстық бюджеттен 391 млн. теңге қаралып отыр. Қазіргі таңда үй іргелік қоралар мен жапсарлас аумақтары, мал иірімдері және суаттарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде», - деді Тілләбек Жанұзақұлы.

Сондай-ақ, 50 ішкі сауда орны мен 34 мал базарда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ветеринариялық-санитариялық объектілерге жауапты мамандар бекітіліп, күнделікті бақылау және қадағалау жұмыстары атқарылып отыр.

Бұдан өзге, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау коммитетінің «Жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы мен профилактикасы бойынша 2018 жылға арналған ветеринариялық іс-шаралардың жоспарына» сәйкес, облыста ауыл шаруашылығындағы малдар арасындағы індетті аурулардың 13 түріне қарсы қажетті вакциналар жеткізіліп, егу шаралары тегін жүргізілуде.