​Шардарада халықаралық туристік фестиваль өтеді

0
1 511

Түркістан облысында туризм саласы дамиды


​Шардарада халықаралық туристік фестиваль өтеді

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шардара ауданында халықаралық туристік фестиваль өткізуді тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шетелдік туристік агенттердің қатысуымен өтетін шараның мақсаты – шағалалы Шардарадағы демалыс аймақтарын әлемдік деңгейде насихаттау.

«Біздің облысымызда туристер қызығатын тарихи және мәдени нысандар өте көп. Тамаша табиғатының өзі бір төбе. Солай бола тұра, неге бізге Түркиядағыдай туристер ағылмайды. Себебі, қонақтарға көрсетілетін қызмет тиісті деңгейде жасалмаған. Міне, осы кемшіліктерді жоюымыз керек. Яғни, әуежайдан бастап қонақ үй, сервис, дәмхана, гидтерге дейін жоғары дәрежеде қызмет көрсететін болса, келушілердің қатары арта түседі. Сол үшін шетелдік әріптестермен жан - жақты тәжірибе алмаса отырып, қонақ күтудің озық үлгілерін үйренуіміз керек», – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев туризм саласының өкілдерімен өткен жиында.

Сондай-ақ, өңір басшысы туристік индустрияны дамыту мақсатында арнайы бағдарлама құрылатынын айтты. Осының негізінде туристік нысандардағы инфрақұрылым мәселесі шешіліп, сервистік қызметті жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылмақ.

Туристік агенттіктер қауымдастығының төрайымы Гүлмира Ақбердиева сервистік қызмет көрсетуге үйрететін орталық ашуды ұсынды. Жиын барысында облыс орталығы Түркістан қаласының даму жоспары да кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы Қ.А.Ясауи кесенесінің маңына ескі шығыстық үлгідегі ғимараттардың бой көтеретінін айтты.