Шымкентте студенттердің өз үйі болады

0
1 954

ERNUR.KZ. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент аумағынан алып студенттер үйі бой көтермек. Бұл туралы бүгін халықпен кездескен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ел алдында уәде етті.


Шымкентте студенттердің өз үйі болады

ERNUR.KZ. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент аумағынан алып студенттер үйі бой көтермек. Бұл туралы бүгін халықпен кездескен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ел алдында уәде етті. Нақтырақ айтқанда, қырық минут бойы баяндама жасаған аймақ басшысы залға жиналған халық тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берді. Шымкенттік студенттердің бірі жатақхана турасында айтып, Түймебаев мырзадан өз қатарластарының көптен бері көкейін мазалап жүрген мәселесін көтерді.

«Шымкентте жүз мыңға жуық студент бар. Оның елу мыңы жоғары оқу орнында білім алады.Тек соның алты мыңы ғана жатақханамен қамтылған. Көбісі пәтер жалдап, ағайын-туыстарының үйінде жүр. Осы мәселені ескере отырып, Шымкент қаласы аумағынан 25-30 мың студентке арналған сутеденттік кампус немесе қалашық салып берсеңіз деген ұсыныс айтқым кеп отыр», - деді сауал қоюшы.

«Бұл өте маңызды мәселе, өзім кездесулерде де айтып отырмын. Шынында алты мыңдай ғана жастарымызға жатақхана бар. Қалғандары пәтерлерде тұрып жатыр. Сіздер үшін, әрине, өте ауыр жағдай. Осыған орай біз қазір бірнеше жоба дайындадық. Студенттер қалашығы... Онда тек қана бір жоғары оқу орындарында оқитындарға арналмайды, түрлі жоғары оқу орындарының студенттері бірге тұра береді. Өздерінің асханасы, кір жуатын бөлмелері, сабаққа дайындалатын сыныптары, барлығы бірге болады. Сондай бірнеше жоба қарастырдық. Арнайы жоспар жасап отырмыз. Оны біз қазір жоспарлап жүзеге асырамыз» деп жауап берді облыс әкімі. Бұдан өзге сауал қоюшы студент шаһардағы жасөспірімдер үйін паналаған жастар үшін де алаңдаушылық танытты. Айтуынша, Шымкенттегі жасөспірімдер үйін балалар үйінің тәрбиеленушілері тек жиырма үш жасқа толғанша паналай алады. Жас мөлшерін жиырма тоғызға дейін ұзартуды өтінген студенттің бұл өтінішін де аймақ басшысы алдағы уақытта ескеретінін атап өтті.

Ақпарат ретінде айта кетейік, бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі халық алдында есепті кездесуін өткізді. Өз сөзінде өңірде атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасаған аймақ басшысы ағымдағы жылы атқарылатын жұмыс жоспары туралы да айта кетті. Түймебаевтың сөзіне сенсек, ағымдағы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 93 мың адам жұмыспен қамтылатын болды.