Бұл елдегі жақсы көрсеткіштердің бірі.
Түркістан облысының 3000-нан астам тұрғыны коронавирустан сауығып шықты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында коронавирус инфекциясынан жазылып шыққан 3371 науқастың 2377-де ауру симптомсыз өткен.
Қазіргі таңда өңірдегі медициналық мекемелердің инфекциялық стационарларында 35 адам ем қабылдауда. 29 адам вирусты пневмониямен және 6 науқас коронавирус инфекциясымен тіркелген. Науқастардың барлығы ересек адамдар. Оның ішінде үш жүкті әйел де жұқпалы ауруханалар бөлімдерінің дәрігерлік бақылауында. Жағдайлары қанағаттанарлық және өкпені жасанды желдету аппаратына таңылғандары жоқ.
Соңғы тәулікте облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған бес жағдай анықталды. Өсім 0,3% құрайды. Ковидтің екінші толқынын ескерсек, бұл көрсеткіш көңіл көншітерліктей.
Жалпы, Түркістан облысында пандемия басталған сәттен бастап Covid-19 дерегі расталған 3444 жағдай тіркелді. Оның ішінде 2394 симптомсыз. Дертке шалдыққандардың 1577-і облыс стационарларында ем қабылдаған. Аурушаңдық үш жасқа дейінгі балалар арасында аз тіркелген. Олардың саны 44 (2,8%). Ал, 3 жастан 18 жасқа дейін 75 науқас (4,8%) ауырды. 18-ден 55 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағы адамдар 956 –ны (60,6%)құрады. Коронавирус әсіресе қарияларға ауыр тиді. 55 жастан асқан 502 адам (31,8%) жұқтырған. Індетке шалдыққандардың көбісі ер адамдар.
Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда аймақтағы инфекциялық стационарларда COVID-19 екінші толқынына дайындық мақсатында 600 төсек-орын әзірленген. Оған қоса, 340 орындық карантиндік стационарлар жасақталған. Оқшаулар бөлімдерінде қазіргі таңда 99 азамат бақылауда. Пандемия басталғалы облыс зертханаларында 254325 ПТР сынамасы алынған. Соңғы бір тәулік ішінде 3081 тест қабылданып, Covid-19 анықтайтын 155584 сынама қалып отыр.