​ТҮРКІСТАН: Бір отбасынан 7 адам COVID-19 инфекциясынан айықты

0
1 000

Алдағы уақытта уақытша үй карантинінде дәрігерлердің қадағалауында болады.


​ТҮРКІСТАН: Бір отбасынан 7 адам  COVID-19 инфекциясынан айықты

30 сәуірдегі мәліметке сай, Түркістан облысында 9 науқас дерттен айығып үйлеріне оралған. Олардың 7-і бір отбасы мүшелері, Түркістан облысы, Арыс ауданының тұрғындары екені белгілі болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аты-жөндерін жариялағысы келмегенімен, дәрігерлерге деген шексіз алғыстарын білдіруді өтінген.

Жалпы, «Арыс аудандық орталық ауруханасының» бас дәрігері Ерғали Әлімбаевтың ұсынысымен карантин жарияланған «Наурыз» мөлтек ауданы мен оған жапcарлас елді мекенде де алғаш рет 2 шеңбер жүйесі жүзеге асырылған болатын. Шұғыл түрде ауруды ауыздықтау шарасының арқасында 3000-нан астам халық 4 сағаттың ішінде толық медициналық тексеруден өтіп, қауіпті індеттің басқа аймақтарға таралуының жолы кесілді. 40 медицина қызметкері қауіпсіздік шараларын қадағалай отырып, тұрғындардың дене қызуын өлшеп, тексеруден өткізген. Коронавирус инфекциясының ошағына айналған аймақта тәулік бойы қызмет көрсететін медициналық тірек бекеттері орнатылды. Демек, тұрғындарға алысқа бармай тікелей үй жанынан дәрігер көмегіне жүгіну жағдайы жасалынған. Барлық мағлұмат штабқа хабарланып отырды. Шұғыл әрі кәсіби жүргізілген жұмыстың арқасында ауру басқа жаққа тараған жоқ.
Айта кету керек, аудан бойынша дертке шалдыққан 17 науқас тіркелген. Олардың 14-і жазылды. Жақын және ықтимал қарым-қатынаста болған 28 адамнан да сынама алынып, теріс нәтиже беруіне орай үйлеріне қайтарылды. Отбасымен қайта қауышқан азаматтар ақ халатты жандарға алғыстарын білдіруде.
Арыс аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ерғали Әлімбаевтың төтенше жағдай кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде еңбегі ерен. Былтыр орын алған жарылыс кезінде де 134 адамды қауіпсіз аймаққа дер кезінде көшіріп, кәсіби біліктілігін көрсеткен болатын. Тәжірибесі мен кәсіби түйсігі бұл жолы да қателестірмеді. Тиісті сала мамандарының алдында өз ойын білдіріп, ауруды ауыздықтауға бағытталған 2 шеңбер жүйесі қолдау тапты. Емхананың эпидемиолог дәрігерлерін жұмылдыра қауіпті індетпен күресті күшейтті.
Еске сала кетсек, Түркістан облысы бойынша бүгінге дейін 38 адам коронавирус инфекциясынан жазылған.