ТҮРКІСТАН: Биыл 360-тан астам нысанның құрылысы жүргізіледі

0
598

204 жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 156,9 млрд теңге бөлінген.


ТҮРКІСТАН: Биыл 360-тан астам нысанның құрылысы жүргізіледі

Биыл Түркістан өңірінде барлық қаржыландыру көздерінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үй енгізу жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев мәлімдеді.


Оның айтуынша, биыл өңірде жалпы барлық қаржыландыру көздерінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үй енгізу жоспарланған. Сондай-ақ, 369 нысан құрылысын жүзеге асыруға және 204 жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 156,9 млрд теңге бөлінген.


«Білім беру саласында 13 мың оқушыға арналған 33 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 20-ын пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Ал денсаулық сақтау саласында 16 нысан іске асырылуда, жыл қорытындысымен 15-і пайдалануға беріледі. Әкімшілік және мемлекеттік органдар ғимараттары бойынша 10 нысанды осы жылы тапсыру межеленді. Мәдениет саласы бойынша 16 нысанның жоспары түзілсе, 14-і биыл тапсырылады. Инженерлік инфрақұрылым және абаттандыру бойынша 132 нысанның құрылысы жүргізіледі. Осы жылы 73 нысанды тапсыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, спорт және туризм саласында 21 нысан іске асырылуда. Оның 11-ін пайдалануға тапсыру жоспарланған, қалғаны 2024 жылға өтпелі", - деді Тоқтар Оразұлы.


Сонымен қатар, әлеуметтік қамтамасыз ету объектілерін салу және реконструкциялау бойынша 2 нысанның жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 1-і осы жылы тапсырылады. Ал ауыл шаруашылығы саласында 5 нысанның құрылысы жүргізілуде, ол келесі жылға өтпелі. Сондай-ақ, 71 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 64 тұрғын үйді аяқтау жоспарланған.


Жалпы, өңірде 2022 жылдың қорытындысымен 864,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Құрылыс көлемінің нақты индексі» көрсеткіші бойынша 104,6% орындалды. Сондай-ақ, басқарма тарапынан 356 бюджеттік инвестиялық жоба іске асырылып, жыл қорытындысымен 113 нысан пайдалануға тапсырылды. Ал қалған 243 жоба 2023 жылға өтпелі.


Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында өңірде 128 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Жыл қорытындысымен пайдалануға 57 тұрғын үй берілді. Ал қалған 71 үйдің құрылысы жалғасуда.


Түркістан қаласының әрі қарай облыс орталығы ретінде дамыту жұмыстары жоғары дәрежеде жүзеге асырылуда. 2022 жылы жаңа ІІД ғимараты мен Жедел басқару орталығы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, теннис орталығы салынды. Медициналық көмек көрсетуге арналған 25 бригадалық жедел жәрдем станциясы және Олимпиадалық резерв мектебінің әкімшілік ғимараты мен жатақханасы бой көтерді.


Сонымен қатар, әкімшілік-іскерлік орталықта және Шаға ауылында жасанды көлдер құрылысы қарқынды жүруде.