ТҮРКІСТАН: Бокстан Қазақстан құрамасы елге оралды

0
1 025

Париж Олимпиадасына 5 жолдама жеңіп алған болатын.


ТҮРКІСТАН: Бокстан Қазақстан құрамасы елге оралды

Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан халықаралық лицензиялық іріктеу турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Халықаралық додада еліміздің ерлер құрамасы Париж Олимпиадасына 5 жолдама жеңіп алған болатын. Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғаған оңтүстіктің жігіттері – 51 келіде өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов пен 57 келідегі Махмұд Сабырхан туған жерге оралды. Оларды Шымкент әуежайынан спорт саласының мамандары мен спорт жанашырлары және туған-туыстары зор құрметпен қарсы алды.


Түркістан облысының өрені Сәкен Бибосынов Италия төрінде 4 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңді. Осылайша, ол 51 келіде Болат Жұмаділовтен кейін Олимпиада ойындарына қатарынан екінші мәрте баратын отандық спортшы атанып отыр.


Спорт жанашырлары жолдама иегерлеріне ыстық лебіздерін айтып, Париж төріндегі олимпиада ойындарында үкілеген үмітті ақтауларына сенім білдірді.


Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев пен облыстық бокс федерациясының президенті Сұлтан Көшенов те Мырзағали Айтжанов бастаған команданың жетістігін жоғары бағалап, құттықтады.


Дүбірлі сында Түркістан облысының тағы бір спортшысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы турнирде жақсы жұдырықтасқанымен бұл жолы жолдамаға ие бола алмады.