Түркістанда қазақ күресінен әлем кубогы басталды

0
91

150-ге жуық спортшы өзара мықтыны анықтауда.


Түркістанда қазақ күресінен әлем кубогы басталды

Түркістанда қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне арналған әлем кубогы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда қазақ күресінен ересектер арасында Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған Әлем кубогының ашылу салтанаты өтті. Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Жолдауда бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлгенін айтып, соңғы уақытта өңірімізде спорт саласы серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ спортшыларға сәттілік тіледі.


– Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан төрінде қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы қазақ күресінен ересектер арасындағы Әлем кубогына қош келдіңіздер. Қазақ күресінің ұлттық спорт түрлерінің ішінде өзіндік орны ерекше. Қазіргі уақытта әлемнің 40-тан аса мемлекетінде ұлттық күресімізден федерациялар құрылып, жұмыстар атқаруда. Өздеріңізге белгілі, қазақ күресінен Әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткізіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Кейінгі он жыл көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілетін «Тұран барысы», «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем Барысы» додалары да бүгінде көрермен көзайымына айналып отыр. Бұл іс-шаралардың барлығы бұқара халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, спорттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтауға өзіндік зор үлесін қосуда, – деді Ертай Кенжебекұлы.


«Olympik center» спорт кешенінде өткен дүбірлі күрес бәсекесіне 9 елдің, яғни Қазақстан, Грузия, Польша, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қытай, Әзербайжан және Моңғолияның 150-ге жуық спортшысы қатысып, өзара кіл мықтыны анықтауда.


Қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған доданың бағдарламасына сәйкес, балуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақ дәрежесінде белдеседі.


Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлық қарастырылған. Атап айтқанда, Әлем кубоггының жеңімпаздарына 500 мың теңгенің, сәйкесінше күміс және қола жүлдегерлеріне 300 және 200 мың теңгенің сертификаттары табысталады. Сонымен қатар жеңімпаздардың жаттықтырушыларына да ақшалай сыйлық бар.


Айта кетейік, қазіргі таңда әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресінің федерациялары құрылған. Бүгінге дейін қазақ күресінен 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы және 6 Еуропа чемпионаты өткізіліп, төл күресіміз дамудың жаңа деңгейіне көтерілді.

Бөлісу