Келес ауданы ауылдарының бірінен қарасора егушілік жайты анықталды
Иллюстрациялық фото: Ғаламтордағы ашық дереккөзден
Түркістан облысында полицейлер қарасора егушінің жолын кесті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ
Келес ауданында Түркістан облысы полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Келес АПБ-мен бірлесе отырып, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қылмысты болдырмау жедел-алдын алу іс-шарасы барысында, Келес ауданы ауылдарының бірінен қарасора егушілік жайтын анықтаған.
Заттай айғақ ретінде полицейлер заңсыз өсірілген есірткі құрамды өсіндінің 7 бұтағын тәркіледі. Сараптауға сәйкес, алынған заттар жалпы салмағы 1 кг-нан асады.
Болған жайт ҚР ҚК 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша СДТБТ тіркеуге алынды. Қазірде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жастарға есірткі қолданудың зияндылығына бағытталған ақпараттарды бере отырып, есірткіге қарсы алдын алу мақсатында тұрғындар арасында тұрақты түрде әртүрлі алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Полицейлер білім, денсаулық сақтау саласының өкілдерімен бірлесе отырып, әртүрлі акцияларға қатысу, ашық сабақтар жүргізу арқылы, есірткі заттарын қолданудың зиянды салдары туралы және жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын шараларды қабылдайды.