ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы эвакуациялық бекеттер азайып жатыр

0
920

30 мыңнан астам тұрғын бір түнде үдере көшкен.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы эвакуациялық бекеттер азайып жатыр

Мақтааралдағы эвакуациялық бекеттерде 341 азамат қалған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еске сала кетсек, 1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы "Сардоба" су қоймасы апатқа ұшырағаннан соң, Мақтаарал ауданында су басу қаупі туындаған 13 елді мекеннің тұрғындарын эвакуациялау туралы аудан әкімі Бақыт Асанов шешім қабылдап, жалпы саны 30 мыңнан асатын халық бір түннің ішінде көшірілген. Оның ішінде тұрғындарының саны 15 мыңға жететін аудан орталығы Мырзакент кенті де бар.

Осылайша Мырзакенттен Атакентке қарай үдере көшкен тұрғындарды жайғастыру үшін Атакент кенті, Мақтаарал және Жамбыл ауылдық округтерінде жалпы саны 10 мың адамды қабылдай алатын 24 эвакуациялық бекеттер дер кезінде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қосымша Жетісай қаласынан 3 эвакуациялық бекет ашылып, тұрғындар жаппай орналастырылған.

Эвакуациялық бекеттерді паналаушылар төсек орындармен және 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Оларға Қазақстанның әр облыстарынан және жергілікті жердің кәсіпкерлері тарапынан түрлі көмектер берілді. Мектеп жасындағы оқушылардың сабағы да ұйымдастырылды. Одан бөлек, судан жапа шеккен тұрғындардың көңілдерін аулау мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп, психологтар тынбай жұмыс істеді.

Кейіннен су баспаған елді мекендердің тұрғындары өз үйлеріне қайтарылды. Ал, су басқан елді мекендердің тұрғындары Төтенше жағдайдың жойылуына байланысты үйлерін қайта тұрғызу үшін ауласындағы тапчан немесе уақытша баспаналарды паналаған. Сондай-ақ, көрші елді мекендерден пәтер жалға алып, туысқандарының үйін паналап жатқан отбасылар да болды.

Қазіргі уақытта аталған аудандағы 24 эвакуациялық бекеттің 5-еуі ғана қалып отыр. Мұнда жалпы саны 341 азамат күн кешуде. Олар негізінен Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас елді мекендерінің тұрғындары.