ТҮРКІСТАН: Мал азығын алу үшін төмен пайызбен несие беріледі

0
509

Үстеме қаржысы 6 пайыздан аспайды және кәсіпкерлік сертификат талап етілмейді.


ТҮРКІСТАН: Мал азығын алу үшін төмен пайызбен несие беріледі

Түркістан облысының шаруаларына мал азығы үшін несие беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы – ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған, аграрлы аймақ. Өңірде мал шаруашылығы саласы қарқынды дамып, төрт түлік басы жылдан-жылға артып келеді. Атап айтқанда, тәуелсіздік алған жылдан бері салыстырғанда ірі қара мал басы 2,5 есе, ұсақ мал басы 12 % - ға, жылқы 4 есеге, түйе 2 есеге артты. Алайда биылғы қуаңшылық батыс өңірлерімен қатар, Түркістан облысы Сарыағаш, Келес аудандарының алқаптарына да кері әсерін тигізіп, табиғи шөп бітік шықпады. Бұл жағдай мал азығына сұранысты арттырып, алып-сатарлар арқылы баға көтерілді. Осы орайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан 2021 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басына Сарыағаш ауданы бойынша 112 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 170 606,5 мың теңге, Келес ауданы бойынша 106 АШТӨ-ге 233 164,5 мың теңге мемлекеттік қолдау қаржы (субсидия) берілді. Ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басына селекциялық жұмыстар жүргізгені үшін мемлекет тарапынан төленген қолдау қаржы АШТӨ-нің тікелей мал азығын сатып алу шығынын азайтады, себебі шаруалар тарапынан селекциялық асылдандыру жұмыстарына қаражат жұмсалмайды.


Сонымен қатар, Сарыағаш, Келес аудандарының мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерді қолдау мақсатында Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастамасымен мал азығын сатып алу шығындарын азайту үшін төмен пайызды мөлшерлемемен қаржы ұйымдары арқылы несие беру тетіктері қарастырылды.


9 қарашада облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржігіт Назарбекұлы және «Ырыс» МҚҰ» ЖШС, «Оңтүстік» АИО» ЖШС басшылары бастаған топ Сарыағаш ауданы, Әлімтау ауыл округіне несие алуға ниет білдірген Әлімтау, Жамбыл, Бозай ауылдық округтерінің 100-ге жуық шаруаларын жинап, берілетін несиенің шарттарын түсіндіріп, жылдық үстеме қаржысы 6 пайыздан аспайтынын және кәсіпкерлік сертификат талап етілмейтінін жеткізді.


Жиналыс қорытындысымен шаруалар басшылық өкілдеріне ризашылықтарын білдіріп, дер кезінде берілетін несиенің мал азығын сатып алуға септігін тигізетінін жеткізді.