2 гектар жер учаскесіне қоршау орнатылып, Бұхар бұғыларының тұқымбағы салынған.
Түркістан облысында Бұхар бұғылары көбейген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сырдария маңын мекен еткен бұғылар 1956 жылы ұшты-күйлі жоғалып кеткен. 2000 жылы Сырдария өзенінің бойындағы тоғай орманынан 2 гектар жер учаскесіне қоршау орнатылып, Бұхар бұғыларының тұқымбағы салынған. Бүгінде Түркістан облысында Бұхар бұғылары көбейген. Осы ретте Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мұрындық болуымен журналистер «Сырдария-Түркістан» табиғи өңірлік паркіне барып, Бұқар бұғыларын көрді.
Тұқымбақ аумағында 2 га, биіктігі 3 метр темір тормен қоршалған вольер орналасқан. 2010 жылы вольер аумағын 20 гектарға ұлғайту жұмыстары жүргізілген. Тұқымбақ жанына қызметтік тұрғын үй салынып, бұғышыларға пайдалануға берілген. Бұхар бұғылары тұқымбағы аумағын күзетуге және бақылап отыруға «бейнебақылау» орнатылған. Бүгінгі таңда қалыпты жұмыс істеп тұр.
Түркістан облысы «Сырдария-Түркістан» өңірлік паркі мамандарының айтуынша, оларға уақытылы жем-шөбі беріліп, үнемі санақ жүргізіліп отырады. Сондай-ақ бұғылардың туылған сәтінен төлдеген шағына дейін ұдайы бақылауда. Тіпті бұғышы жыл сайын тастайтын мүйізіне дейін ай-күнін жазып, сақтап отырады екен.
“Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына орай өңірдің тоғай-орманында мекендеген жануарларды көбейтіп, келешек ұрпаққа сақтап қалу мақсатында 8 бас Бұхар бұғысы сыйға тартылған болатын. Алматы облысының Іле өзені бойында орналасқан «Қарашеңгел» қорығынан әкеліп, жерсіндірілген бұғылардың саны 23 жылда 207 басқа артып, 215-ке жетті. Бүгінде «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде 19 бас аналық, 9 бас аталық және 4 бас төл Бұхар бұғысы бар. Қорық аумағындағы 22 гектар жер темірмен қоршалған 19 бас аналық бұғының төртеуі былтыр төлдеді. Сөйтіп, 2023 жылы 71 бас еркіндікке жіберілді. Биыл мамыр-маусым айларында тағы да төлдейді деп күтіп отырмыз. 2019 жылы аналық бас егіз бұғыны төлдеген болатын”, – дейді «Сырдария-Түркістан МӨТП» КММ Сырдария филиалының аң қорғау инженері Құралбай Жарменов.
Ал Арыс ауданындағы Шөгірлі тоғайына «Түркістан-Сырдария» ұлттық паркі арнайы қорық ұйымдастырып, мұнда тұқымы сиреп бара жатқан Бұхар бұғысы жіберілген еді. Қазір бұл жерде 11 бұғы тіршілік етуде. Олар көбейтіліп, жергілікті табиғатқа үйренген соң Сыр бойына жіберіледі.
Табиғи парк аймағындағы әр бұғы ерекше күтімге алынған. Оларды бұғышылар мен қарауылдан бөлек арнайы мал маманы қадағалап отыр. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова бұғылардың жылдық өсімі жоғары екенін айтады. Қазіргі уақытта облыс көлемінде Бұхар бұғылары тұқымбағында 226 бас бұғы күтіп-бапталуда. Олардың 43-і ішкі қоршауда (волер), қалған 183 басы еркіндікте.
Айта кетейік, бұғының бұл ерекше түрі ғылым тілінде «Бұхар бұғысы» (Cervus elaphus bactrianus) деп аталғанымен, одан бөлек «Хангүл», «Су бұғысы», «Тоғай бұғысы» деп те айтыла береді. Бұхар бұғылары 15-20 жыл өмір сүреді.