Осы орайда облыс әкімдігінің қолдауымен бастау алған «Бес терек» жобасы жүзеге асуда.
Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысында 2019 жылы балалар арасындағы суицид 32%, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс 22,7%, кәмелетке толмағандармен жасалған құқық бұзушылық 16%, оларға қатысты жасалған қылмыс 4,8 пайызға төмендеген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ауқымды жұмыстардың оң нәтижесі жайлы республикалық қоғамдық белсенділер мен прокуратура және ішкі істер органдары Түркістан облысында алғаш рет өткен «Қауіпсіз балалық шақ» ашық форумында атап өтті.
Бала өмірі, тәрбиесі мен әл-ауқаты мәселелері өңірде бастау алған алғашқы ашық форумның негізгі әңгіме өзегіне айналды. Облыстық прокуратура ұйымдастырған шараға аймақ әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық жергілікті атқарушы органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері, құқық қорғау және бақылау органдарының басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еріктілер қатысты.
Форумда облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров кәмелетке толмағандардың проблемалық мәселелерін барлық мүдделі органдар және қоғам өкілдерімен ашық диалог форматында талқылаудың өзектілігі мен қажеттігін атап өтті. Ішкі істер органдарында есепке алынған балаларды тәрбиелеп, психологиялық қөмек көрсету мәселесіне ден қойылған. Осы орайда облыс әкімдігінің қолдауымен бастау алған «Бес терек» жобасы жүзеге асуда. Бес түрлі маманның біріккен зерделеу жұмыстары жақсы нәтиже беріп отыр. Жаңа жоба басқа облыстар да қызығушылық танытуда.
Форум барысында білім ұяларында күзетті күшейту, балаларды жан-жақты дамытуға бағытталған үйірмелерді көптеп ашу туралы айтылды. Сондай-ақ, форумға арнайы қатысқан республикалық қоғам белсендісі Рафаэль Гасанов балалар үйінің түлектеріне арналған қолдау көрсету орталығын ашу туралы ұсынысын айтты. Ол өткен жылы Өмірзақ Естайұлының бастауымен өткен жиын барысында көтерілген өзекті мәселелердің оң шешімін тапқанын тілге тиек етіп, алғысын білдірді.
Өмірзақ Естайұлы көтерілген ұсыныстарды қолдап, қоғам тарапынан ұсынылған барлық ой-пікірлерді талқылауға дайын екенін жеткізді.
«Атқарылған жұмыстар арқасында үлкен жетістікке қол жеткізіп отырмыз. Үгіт-насихат жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдарды тартып, қосымша білім беру желісін ұлғайту қажет. Бұл балаларды келеңсіз ойлар мен әрекеттерден арашалайды. Мектептерде Жол жүру Ережесін кеңінен түсіндіру керек. Сынып жетекшілері мен балалардың өзара сенімін арттыруға назар аударып, мектеп және колледждердегі педагог-психологтардың біліктілігін арттыру және жайсыз отбасылармен жұмыс жүргізуді жетілдіру қажет», – деді форумды түйіндеген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне, салалық басқарма басшыларына прокуратура және басқа да уәкілетті органдар баяндамаларында айтылған сын-ескерпелерді ретке келтіруді тапсырды. Форумға қатысқан еріктілер аталған жұмыстарға белсенді араласатын болды.