Орнату жұмыстары оқу үдерісіне кері әсер етпестей етіп оңтайландырылды.
Түркістан облысында «Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы арқылы білім ұяларының материалдық-техникалық базасы қайта жаңартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Созақ ауданының орталығында орналасқан А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына еніп, материалдық-техникалық базасы қайта жаңартылды.
Аталған білім ордасына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков химия және биология, физика кабинеттері мен STEAM зертханасын, робототехника, АРТ студио, телестудия, интеллектум кабинеттерін, жоғары үлгіде жабдықталған акт және мәжіліс залымен танысты. Сондай-ақ телестудия кабинетінде мектеп оқушылары қойған сауалдарға жауап беріп, еркін тақырыпта пікір алмасты.
Жаңа жабдықтардың жай-жапсарымен толықтай танысқан аудан басшысы білім ордасындағы оқушылардың қабілеті мен ұстаздардың біліктілігі артып, жетістіктері еселене түсеріне сенім білдірді.
Айта кетейік, аудан орталығында орналасқан А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін білім ордасы – «Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына енген аудандағы алғашқы мектептің бірі. Жаңа жоба өткен жылдың 3 тамызында басталып, қаржы төлеуші «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, оператор «Білім беруді тұрақты дамыту» қоғамдық қоры, тауарды жеткізуші «EdTech Innovation» ЖШС-гі арасында өзара келісімшарт түзілді. Келісім шартта көрсетілген жаңа жабдықтар толығымен жеткізіліп, кезең-кезеңімен орнатылды. Орнату жұмыстары оқу үдерісіне кері әсер етпестей етіп оңтайландырылды.