ТҮРКІСТАН: Өмірзақ Шөкеев құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды

0
851

Облыс әкімі бастаған жауапты сала басшылары облыс орталығындағы қазаны қайнаған құрылыс алаңдарын аралап көрді.


ТҮРКІСТАН: Өмірзақ Шөкеев құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды

Түркістан облысында сақтық шараларын сақтай отырып кей құрылыс нысандарындағы жұмыстарды тәулік бойы жүргізуге болады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһар құрылысшыларымен кездесуінде атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыс әкімі бастаған жауапты сала басшылары облыс орталығындағы қазаны қайнаған құрылыс алаңдарын аралап көрді. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының барысын тексеріп, мердігер компания жауаптыларына жұмыс қарқынын тездетуді тапсырды. Салынып жатқан нысандарды аралап, сапасына баса назар аударды.

Әкімшілік-іскерлік орталықта құрылысы жүріп жатқан арендалық және несиелік тұрғын үйлер тамыз айында тапсырыла бастайды. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 62 тұрғын үйді биыл тапсыру жоспарланып отыр. Облыс басшысы барлық тұрғын үйлердің сыртқы көрінісінің бірыңғай болуына баса назар аударуды міндеттеді. Түркістандағы тұрғын үйлердің басым бөлігі ашық түсті травертин мен ақ мәрмәр таспен қапталады.

«Жұмыс ауқымы өте үлкен. Оны жақсы түсінеміз. Алайда қаржы дер кезінде бөлінген соң жұмыс тоқтамау керек. Жұмыс кестесінен қалыс қалуға мүлдем жол жоқ. Қажет болған құрылыс нысандарына қосымша күш тартылды. Күн сайынғы тексеруімізден кейін жұмыс алға жылжып жатыр. Оның үстіне кейбір құрылыс нысандары тәулік бойы жұмыс істеуге көшуге әбден болады», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс орталығында бой көтерген Басқармалар ғимараты, Департаменттер ғимараты, Конгресс орталығында құрылыс аяқталып келеді. Ішкі әрлеу, инженерлік желілерін монтаждау және сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс екі ауысымда жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан алаңында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оқушылар сарайы, Стадион, Бассейні бар спорт кешені де аяқталуға таяды.

Қалалық саябақта абаттандыру, дренаждық жүйе, су бұрқақтар, амфитеатр, аттракциондар орнату, сәндік су айдыны және көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізуде. Сонымен қатар, шаһарда әлемдік талапқа сай бірнеше бес жұлдызды қонақ үй кешендері бой көтерді. Нысан құрылыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Тұңғыш Президент саябағы жасыл желекке оранып, Ясауи мұражайының ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Өмірзақ Естайұлы құрылысқа атсалысып жатқан шетелдік компания жетекшілерімен кездесіп, жұмыс барысындағы бірқатар өзгерістерді талқылады.