ТҮРКІСТАН: Ордабасыда отбасылық құндылықты дәріптеуге бағытталған форум өтті

0
391

Форумда ауданның прокуроры, аудандық ішкі істер басқармасының басшысы сөз сөйлеп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда отбасылық құндылықты дәріптеуге бағытталған форум өтті

Ордабасы ауданындағы «Ордабасы – өнегелі отбасылар мекені» тақырыбында форум болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отбасылық құндылықтарды дәріптеу, оның ішінде жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығын арттыру, зорлық-зомбылықты алдын алуға, болдырмауға ықпал жасау мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, ауданның прокуроры Абзал Қыдырбай, аудандық ішкі істер басқармасының басшысы Ғалымжан Қуашбаев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, ардагерлер мен зиялы қауым, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар, білім саласының қызметкерлері, тұрғындар қатысты.


Аудан басшысы форумның маңыздылығын ескеріп, қатысып отырғандарға шынайы алғысын білдіріп, сөз сөйледі:


«Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында отбасындағы зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырған болатын. Бұл бағытта құқық қорғау органдары тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Жалпы отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы бүгінде өзекті екені жасырын емес. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартқанды дұрыс санайды. Олай етудің соңы қайғылы жағдайға душар етуі әбден мүмкін. Форумның маңыздылығын ескере отырып жиынға арнайы шақырылған қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл имамдары, ауыл билері осындай форматтағы жиындарды әрбір елді мекендерде өткізуді қажет деп санаймын», – деді аудан басшысы.


Форумда ауданның прокуроры, аудандық ішкі істер басқармасының басшысы сөз сөйлеп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды.


Айта кетейік, өткен жылы аудан әкімі жанындағы «Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның» 34 рет отырысы өтіп, 33 мәселе қаралған. Кәмелетке толмаған 7 жасөспірім құқық бұзушылық бойынша есепке алынды. Сондай-ақ аудан әкімдігімен полиция бөлімі, қоғамдық ұйымдар бірлесіп «Ішімдіксіз – ауыл», яғни спирттік ішімдік сатпайтын, отбасылық жиын, мерекелерде тұтынбайтын жобаны қолға алды.


Қазіргі таңда Қараспан, Шұбар ауыл округтерінде 4 елді мекен спирттік ішімдіксіз ауыл жобасына кіріп отыр. Полицияның дерегіне сәйкес, ішімдіктен бас тартқан ауылдарда қылмыс едәуір азайған. Бұл жоба кезең-кезеңімен ауыл округтерде іске асырылады деп жоспарлануда.