Ауданда экологиялық сауаттылықты көтеру, тазалықты сақтау жұмыстары жалғасады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы Арыс өзенінің жағасында жалғасын тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан елді мекеніндегі Арыс өзенінің жағасында жалғасын тапты.
Тазалық шарасына аудандық әкімдік өкілдері, «Аманат» партиясы, «Таза су» және «Темірлан» абаттандыру мекемелері, аудандық орталық аурухана мен аудандық білім бөлімінің қызметкерлері және жастар мен ардагерлер жұмылдырылды.
Сенбілік аудан халқының тазалық жұмыстарына белсенділігі мен құлшынысын арттыру бағытында арнайы ұйымдастырылған іс-шарамен бастау алып, аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Лесбек Жүсіп сөз сөйлеп, аудан халқын экологиялық тәртіп пен санитарлық тазалықты сақтауға, мұндай игі жұмыстарға әрдайым белсенді болуға шақырып, үндеу тастады.
Сонымен қатар тазалық шаралары жалпы аудан көлемінде атқарылып басқа ауыл округтерінде де жаппай сенбіліктер жүргізілді. Тазалық акциясына жалпы аудан бойынша 1200-ден астам адам жұмылып, арнайы техникалар тартылды.
Айта кетсек, ауданда экологиялық сауаттылықты көтеру, тазалықты сақтау жұмыстары жалғасады.