ТҮРКІСТАН: Шардарада өзекті проблемалар көтерілді

0
276

Өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды.


ТҮРКІСТАН: Шардарада өзекті проблемалар көтерілді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2024 жылғы 19 сәуірде Шардара аудащны тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Еліміздің түкпір-түкпірінде өңір басшыларының халықпен кездесулері басталды. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2024 жылғы 19 сәуірде Шардара аудащны тұрғындарымен кездесті. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Шардара ауданын дамыту жұмыстары туралы кеңінен айтып берді.


“Президентіміз жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Оның ең бастылары – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Шардара ауданында 2023 жылы 4 елді мекенде 1,2 млрд. теңгеге 21 жоба жүзеге асырылды, биыл 4 елді мекенде 629 млн. теңгеге 5 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгін «Тұрар» шаруа қожалығында болып, суды үнемдеу технологиясын енгізіп, тамшылатып суару әдісімен өнім алып отырғандығын көрдік. Бұл тәжірибені басқа да шаруашылықтарға енгізуді ұсынамын. Мемлекет басшысы орта білім беру мекемелерін сапалы жоғары жылдымдақты интернет желісімен қамтуды тапсырған. Облыста 330 орта білім ұйымын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің туындысы – «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 317 мектепте орнатылды. Оның ішінде Шардара ауданында 8 мектеп толық іске қосылды. Осы айда Президентіміздің бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Акция аясында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарын қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар менің күнделікті бақылауымда. Осы кездесуді пайдаланып, Сіздерді ең алдымен өздеріңіз тұратын ауланы, көшені таза ұстауға, үйлеріңіздің сыртқы келбетін ретке келтіруге, қоқыстарды ретсіз тастамауға, ағаш егуге шақырамын”, – деді Дархан Сатыбалды.


Шардара ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталған облыс әкімі 2023 жылы өсім байқалғанын атап өтті. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдан бері 2 есеге өсіп, былтыр 113 млрд. теңгеге жетті. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 13,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға өскен.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 9 пайызға өсіп, 2023 жылы 11 мыңға жуықтады.

“Сонымен қатар бүгін біз кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтуымыз керек. Атап айтқанда ауыл шаруашылығының өнім көлемі 2023 жылы 66,8 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі тиісті басқармамен бекітілген жоспардан 8 пайызға кем орындалған. Жеңіл өнеркәсіп өнімі 2022 жылмен салыстырғанда 490 млн. теңгеге төмендеген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін де арттыру керек. Осы салаларда жұмыстарды күшейткеніміз жөн”, – деген облыс әкімі тұрғындарға сұрақтарын еркін қойып, ұсыныстарын жеткізуді сұрады.

Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың ауданда 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалған соң тұрғындардың сұрақтарына кезек берілді.

Кездесуде шардаралықтар инфрақұрылым, ауыз су, кәсіпкерлікті қолдау, жеңілдетілген несие беру, субсидия беру және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініштерін айтты.

Облыс әкімі әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Сонымен бірге аудандағы өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу бойынша аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Атап айтсақ, ауыз су мәселесін шешу үшін Облыстық энергетика басқармасы тарапынан республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті құжаттар ұсынылған. Ақшеңгелді және Достық ауылдық округтеріндегі жеке меншікке өтіп кеткен 8 каналды тазалау, сатып алу мәселесі талқыланып, тапсырмалар берілді. Шардара ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 1517 мұқтаж азаматты, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көпбалалы 502 отбасыны үймен қамтамасыз ету мақсатында 2023-2026 жылдары жалпы 570 пәтер сатып алу көзделген. 2023 жылы 960 млн. теңге қаралып, 100 пәтер сатып алынды. 2024 жылы – 120 пәтер, 2025 жылы – 150 пәтер, 2026 жылы 200 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша аудандағы индустриалды аймақты кеңейтіп, инвесторларды тарту, балық шаруашылығы мен туризм саласын дамыту бойынша да нақты міндет жүктелді.

Бөлісу