ТҮРКІСТАН: Шекаралық аймақ қазақ тіліндегі кітаптармен қамтылды

0
949

Орталықта жүртшылық кітапты жазып алып та, сатып алып та оқуға мүмкіндік алмақ.


ТҮРКІСТАН: Шекаралық аймақ қазақ тіліндегі кітаптармен қамтылды

Жетісай қаласы «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалында «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында еліміздің ең қиыр оңтүстік нүктесі – Жетісай қаласы «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалында «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығы ашылды. Партиялық алаң осылайша Президент айтқан ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға үлес қосып, адамның ішкі әлемін байытып қана қоймай, оны адамгершілік қасиетке, азаматтық ізгілікке, елжанды мінезге тәрбиелейтін ортаға айналмақ.


«Кітап-АМАNАТ» жобасының маңызы жөнінде партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева баяндады. «Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда кітап басып шығару ісі идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі екенін айтты. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды басып шығару өте қажет екеніне көңіл бөліп, балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызына тоқталып, арнайы тапсырма берді. «АМАNАТ» партиясы осы міндет аясында барлық өңірлерде арнайы орталық ашып отыр. Түркістан өңірі партия бастамасын шекаралық аймақ саналатын Жетісай ауданынан ашып, қазақ тілді әдебиетке кең өріс ашып отыр», - деп атап өтті.


Орталықта жүртшылық кітапты жазып алып та, сатып алып та оқуға мүмкіндік алмақ. Партияның облыстық филиалы баспагерлік ұйымдармен арнайы меморандумға қол қойып, сұранысқа ие қазақ тілді әдебиеттердің халық арасында кең таралымға ие болуына жәрдемдеспек. Бұл бағытта Жетісай ауданындағы мәдени-ағартушылық орталыққа алғашқы 1500 кітап жеткізілді.


Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов көзі ашық, көкірегі ояу Жетісай жұртшылығы кітаптың қадір қадір-қасиетін ұғатынын жеткізді. Ауданда жуырда өткен кітап фестивалі оған дәлел бола алатынын атап өтті. Бүгін осы дәстүр ізімен партиялық алаңда «Кітап-АМАNАТ» жобасының іске асуын жақсылыққа балайтынын айтты. Идеологиялық жүктемесі ауқымды бұл бастама арқылы тұрғындардың әдеби танымын кеңейту, оларды баспадан шыққан қазақ тілді жаңа кітаптармен таныстыру, тұрғындардың сапалы әдебиетке қол жеткізуіне жәрдемші болу міндеті атқарылатынын атап өтті. Сондай-ақ партия ашқан алаңда отандық әдеби ортамен, кітап авторларымен, баспагерлік ұйымдардың өкілдерімен мәністі жүздесулер өтіп, көркем және балалар әдебиеттерінің, танымдық кітаптардың, ғылыми публицистикадағы соңғы жаңалықтардың таныстырылымдары, шығармашылық кездесулер тұрақты түрде өткізілетінін жеткізді.


Ағартушылық орталықтың ашылуына ауданның белді азаматтары қатысып, игілікті бастаманың сәтті болуын тіледі. Сондай-ақ аудан тұрғындарына ақжарма тілектерін партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» кеңесінің мүшелері де білдіріп, аудан тарихындағы елеулі жоба табысты болатынына сенімдерін білдірді.


Айтулы жобаның қиырдағы қасиетті Жетісай топырағында жүзеге асып жатқанына шын қуаныштарын білдірген жұртшылық ұлт пен жұрттың райы мен шырайын білдіретін кітап әлемі өміршең құндылық екенін жеткізді. Кітаптан алар тағылым мен қуат, өнеге мен үлгі орасан екенін айтты. Айта кету керек, Түркістан өңірі ежелден білім-біліктің қасиетті қарашаңырағы, үздік өркениеттің ордалы мекені болған. Тарихта ізі қалған әйгілі «Отырар кітапханасы» қазақ даласы байырғы дәуірдің өзінде-ақ ғылымға дем берген, адамзатты білімге бастаған шамшырақ жұрт – Жерұйық болғанын көрсетеді. Жетісайда ашылып отырған ағартушылық ортақ бұрыңғының игі дәстүрін жалғайтынына сеніміміз мол.


Кітаптың ғибратты мәнін халыққа жеткізіп, ағартушылық қызметімен ел ырысын арттыруға «АМАNАТ» партиясының Жетісай аудандық филиалының «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығы белсене үлес қосады деген сенімдеміз. Жетісай бастап берген жобаны өңірдің басқа аудандары жалғап, кітаптың салтанат құрған құт қадамы ауыл-аймақтардағы кітап шеруімен ел көңілінен шығады деген ойдамыз.