2019 жылы тағы екі қабатты 10 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түлкібас ауданында 64 отбасы қоныс тойын тойлады. Салтанатты шараға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қуаныш иелерін құттықтап, пәтер кілтін табыс етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Састөбе кентіндегі 32 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС жүргізген. Жалпы құны 298,9 млн. теңге. Жалпы бұл тұрғын үйлер баспана кезегінде тұрған ата-анасынан айрылған балаларға, бюджеттік қызметкерлерге, жалғыз басты отбасыларға берілді.
Айта кетейік, ауданда 1600-ден астам азамат үй кезегіне тұрған. Келер жылы соның 60-на пәтер кілті табысталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Балықты ауылында екі қабаттан тұратын 10 пәтерлі әлеуметтік қызметкерлерге арналған үй пайдалануға берілді. Оның құрылыс жұмыстарымен мердігер мекеме - «Евро Ремонт Сервис» ЖШС айналысқан.
2019 жылы Тұрар Рысқұлов ауылында қосымша тағы екі қабатты 10 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мемлекеттік қызметкерлерге арнап салынып жатқан баспана ауданға жұмыс істеуге келген жас мамандарға үлестірілетін болады.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі