Түркістанда қоғамдық жерлерде су ішуге арналған орындар ашылады

0
833

Қала басшысы адам көп шоғырланатын жерлерде су ішуге арналған орындардың келесі аптадан бастап орнатылу қажеттігін баса айтты.


Түркістанда қоғамдық жерлерде су ішуге арналған орындар ашылады

иллюстрациялық фото

Түркістан қаласы әкімі Рашид Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күннің басты мәселелері қозғалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде күндері аралығында өткізіледі. Алайда, Түркістан қаласы түлектерінің қай күні өтетіні жуық арада белгілі болады. Дегенмен, дайындық жұмыстары күнделікті пысықталып, жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, ҰБТ әдеттегідей Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың тест орталығында өтеді.
ҰБТ өткізу пунктінде: 14 аудитория (2-3 қабатта), 27 ұялы телефон сигналдарын тұншықтырғыш, 2 рамалы метал іздегіш, 2 қолға ұсталатын метал іздегіш, 32 тест барысын бақылайтын бейнекамера және 14 салқындатқышпен жабдықталған.
Айта кетейік, ҰБТ-ның ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында ҰБТӨП-те тестілеу барысын онлайн, тікелей эфир арқылы көрсетеді. COVID-19 індетіне байланысты сақтық шаралары күшейтіледі. Сонымен қатар, әр аудиториядағы тестілеуге қатысушылар саны екі есеге азаяды.
2020 жылға өзге де жаңалықтар жоқ емес. Мәселен:
- Тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған затпен анықталған бітіруші түлек сол тестілеуге жіберілмейді және ағымдағы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылады;
- Тестілеу барысында аудиторияда тыйым салынған затпен анықталған тестілеушінің нәтижесі жойылады және ағымдағы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылады;
- Тестілеуге өз орнына "Бөтен тұлғаны" кіргізуге талпынған және кіргізген түсушілерге ағымдағы жылы ҰБТ тапсыруға рұқсат етілмейді;
- ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін бейнебақылау жазбаларына талдау жүргізіледі.Түсуші тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда, оның ҰБТ мен білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері жойылады;
- ҰБТ-ның қағаз сертификаты электронды сертификатпен ауыстырылды.
Жалпы, 2019-2020 оқы жылы барысында мектепішілік 40 рет, қалалық 12 рет сынама тесттер алынды.
Ал, инфрақұрылым жүйесі бойынша, тұрғындарды ауыз сумен, табиғи газбен және электр қуатымен қамтамасыз ету аясында 11 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде.
Отырар, Шавгар және Қызылорда-Түркістан тасжолы бағытының екі жақ бетіндегі Яссы, Сауран мөлтек аудандарындағы адамдар жаңадан қоныстанған аумақтарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүруде. Одан өзге, сарқынды сумен қамтамасыз ету шаралары Отырар ықшамауданы, Тұран тұрғын үй массивінде жүргізілуде. Қала басшысы адам көп шоғырланатын жерлерде су ішуге арналған орындардың келесі аптадан бастап орнатылу қажеттігін баса айтты. Себебі, көгалдарды суландыру үшін жүргізілген суағарлардан су ішіп, техникалардың істен шығу жайты орын алуда.
Түркістан қаласында жүзеге асқан "Қамқорлық" бағдарламасы бойынша 161 отбасы анықталған. Ал, жалпы отбасы құрамы 913 адамды құрайды. Аталған отбасылар коммуналдық, медициналық көмекке, жұмыспен қамту шараларына тартылды. Сонымен қатар, қалалық әкімдіктің дербес бөлімдері, жеке кәсіпкерлер және облыстық, қалалық мәслихат депутаттары тарапынан қажетті заттар мен азық-түліктер берілді.
Одан өзге, үйі апатты жағдайда тұрған отбасыларға көмек көрсету үшін Асарталу әдісін қала әкімдігі жандандыратын болады. Рашид Абатұлы әлі де тұрғындар санына сараптама жасау қажеттігін айтып, өзі төрағалық ететін "Bolashaq ontustik" қоры арқылы да көмек көрсетілетінін жеткізді.