Түркістанда стоматологиялық орталық пен аурухана ашылды

0
649

Көпсалалы аурухана мен «Ана мен бала» орталығы да іске қосылады.


Түркістанда стоматологиялық орталық пен аурухана ашылды

Түркістан облысында медициналық нысандардың саны артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан облысында екі медициналық нысанның ашылуы өтті. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев алдымен жаңадан іске қосылған «DOCTOR D» стоматологиялық орталығында болды. Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты стоматологиялық орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда заманауи жабдықтар, 3 D – тістердің компьютерлік томографиясы, хирургиялық, терапиялық, ортопедиялық кабинеттер және балалар стоматологиясы жұмыс істейді. Білікті дәрігерлер қызмет атқарады. Мамандар шетелдің озық үлгідегі клиникаларында оқып, тағылымдамадан өткен.


«Жаңа медициналық мекемелер қала тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер көрсетіп, елдің денсаулығын нығайтуға үлес қосады деп сенемін. Түркістанда медициналық хаб қалыптасып келеді. Жедел жәрдем станциясы салынды, сонымен бірге халықаралық деңгейдегі 570 орындық көпсалалы аурухана, «Ана мен бала» орталығы да іске қосылады. Бұның бәрі еліміздің бұдан әрі көркейіп, кемелдене беруіне өз үлестерін қоса береді деп сенемін», – деген Өмірзақ Шөкеев дәрігерлермен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады.


Облыс әкімі Түркістан қаласында бой көтерген 200 төсек-орындық қалалық орталық ауруханасында болды. Жаңа медициналық мекеме 1 жылда салынып, іске қосылған. Бір қабатты ғимараттың жалпы ауданы 8200 шаршы метрді құрайды. Жоба республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылып, іске асырылды. Тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Аурухана 9 блоктан тұрады (қабылдау бөлімі, жан сақтау, оттегі стациясы, әкімшілік, асхана, медициналық қалдықтарды залалсыздандыру, қазандық т.б). 100% оттегімен, компьютерлік томография және рентген жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін заманауи техникамен жабдықталған.


Жаңа нысандардың ашылуымен құттықтаған облыс әкімі өңірде медицина саласын дамыту бағытында жұмыстар жалағаса беретінін айтты.