Түркістан облысында электронды денсаулық паспорты жасақталды

0
1 217

69 медициналық ұйым бүгінгі күні 100 пайыз медициналық ақпараттық жүйемен қамтылған.


Түркістан облысында электронды денсаулық паспорты жасақталды

Түркістан облысында тұрғындардың электронды денсалық паспорты жасақталды деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

69 медициналық ұйым бүгінгі күні 100 пайыз медициналық ақпараттық жүйемен қамтылған. Ал осы аталған медициналық ұйымның жартысы ішінара қағазсыз құжат айналымына ауыстырылған. Жыл соңына дейін қалған 10 медициналық мекеме ақпараттық жүйемен толықтай қамтылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

Облыс басшысының айтуынша, интернет желісімен аудан деңгейіне дейінгі елді мекендер 100 пайыз қамтылған болса, 2021 жылға дейін аудан деңгейінен төмен ауылдарды қосу жоспарлануда. Осының нәтижесінде өңірдегі 2 миллионнан астам халықтың электрондық денсаулық паспорты жасақталған. Бұдан бөлек, әкім осы жылдың 1 сәуірінде Түркістан облысымен бірге Алматы, Павлодар, Маңғыстау облыстары қағазсыз аурухана пилоттық жобасына кіргенін айтып, аталған облыстардың ішінде ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша 1 орында екенін жеткізді.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының облыста жүзеге асырылу барысын баяндаған аймақ басшысы осы жылдың алты айында межеленген негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті.

«Түркістан облысы денсаулық сақтау аясындағы мемлекеттік бағдарламаларының негізгі нәтижелі көрсеткіші бойынша бесінші орында. Мұның ішінде нәресте өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға төмендеді. Бұл бойынша республикада 8 орында болсақ, ана өлім-жітім көрсеткішімен облыс елімізде 9 орында. Ал туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші 33,3 пайызға төмендеген. Бұл нәтижелі жұмыстар мемлекеттік бағдарламалардың аясында жасалған жұмыстардың жақсы көрсеткіші деп білемін», - деді Ж.Түймебаев.

Сонымен қатар өңір басшысы кадрлық мәселелерді шешу мақсатында арнайы бағдарлама жасалынып, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жою үшін аудандағы елді мекендерде қызметтік тұрғын үй салынып жатқанына тоқталды.