ДЕНІҢІЗ САУ болуы үшін ОСЫдан сақтаныңыз

0
5 118


ДЕНІҢІЗ САУ болуы үшін ОСЫдан сақтаныңыз

Нумерология ғылымы адамның мінез-құлқы, мықты және әлсіз тұстары, басқа да қырлары жайында біршама ақпарат бере алады. Соның ішінде денсаулық жайы да бар. сандар көмегімен тумысыңыздан қандай ауру-сырқауларға бейім екеніңізді білсеңіз, оның алдын алып, сақтануға мүмкіндігіңіз көбірек болмақ.

Ол үшін туған күн, ай, жылыңыздың цифрларын бір-біріне қосу арқылы тағдыр санын есептеп шығару қажет. Мысалы, туған күн – 28.08.1982

2+8+0+0+1+9+8+2=38,3+8=11,1+1=2

Яғни, мұндай туған күн иесінің тағдыр саны – 2.


1 саны

Тағдыр саны 1 шыққан жандар жүрек-қантамыр жүйесі дерттері алдында әлсіз. Сонымен қатар, көзінің көру қабілеті нашар, қан қысымы тұрақсыз болу мүмкіндігі де жоғары. Тез шаршайды, жаз айларында күн ұруға жиі ұшырайды.

Денсаулығын күту мақсатында ащы және қуырылған тағамдардан және өт қабына зиянды азық-түліктерден бас тартқаны дұрыс. Кофе мен алкогольді де шектеу керек. Олардың орнына рационына мейіз, түймедақ қайнатпасы, табиғи бал, цитрус жемістері мен арпаны молырақ қосқан жөн.

Тағдыр саны 1 болатын жандар барлық жерде көшбасшы болуға ұмтылады екен. Алдыңғы орындардан көрінбей қалса, ашуға, көңіл толмаушылыққа бой алдырып, нәтижесінде стреске түсіп жатады. Нумерологтар осындай жағдай ауру-сырқауға жол ашатынын ескертіп, жол бермеуді кеңес етеді.


2 саны

Бұл сан аясындағылар стреске, күйгелектікке бейім. Тым асқындырып алса, ұйқысыздық, анемия, аллергия, астмаға әкеліп соқтырады.

Аталған дерттер меңдеуіне жол бермеу үшін эмоциясын бақылауда ұстап, конфликтті жағдайлар тудырмау керек. Ешбір жағдайды жүрекке жақын қабылдамаңыз. Негативті сезімдер мен жағымсыз эмоцияны іште сақтамай, ешкімге зияны тимейтіндей етіп шығару қажет. Оңаша, тыныш жерде біраз уақыт тынығу, серуендеу жақсы көмектеседі.

Ағза жағдайын нығайту үшін қияр мен қырыққабатты, қауын, банан, зығыр майы мен дәнін, шалғамды молынан тұтынғаны жөн.


3 саны

Көп жағдайда сырқат тамақтан және өкпеден ұстайды. Жүйке жүйесі де әлсіз, тым артық жүктеме түссе, бүкіл ағзаның қалжырап шаршауына ұшыратады. Сондай-ақ, тері аурулары мен артрит, диабет жиі мазалайды.

Өкпе мен тамағының саулығы үшін аллергия тудыратын азық-түліктерді тұтынбағаны дұрыс. сонымен қатар, аллергиялық рекация тудыратын өсімдіктер өсетін орындардан да бойын аулақ ұстау керек. Жүйке жүйесі мен иммунитетін нығайту үшін жаңғақтар, алма, қызылша, жалбыз, шафран, жүзім, шабдалы сияқты азықтарды рацинға көбірек қосу қажет. Ал стреске жол бермеуде арнайы жеңіл спорттық жаттығулар, йога көмектеседі.


4 саны

Меланхолия мен депрессия, жөтел мен ентігу – «төрттіктердің» жиі бетпе-бет келетін мәселелері. Суыққа төзімсіздігі тағы бар.

Құрамында қанты көп барлық тағам түрлерінен бас тартқаны дұрыс. Олардың орнын жасыл түсті жемістермен, көкөністермен, баялды және кольраби қырыққабатымен толықтырса, құба-құп.

Конфликті жағдайлар да жалпы жай-күйіне айтарлықтай кері әсерін тигізетіндіктен, барынша қашқақтағаны абзал. Көңіл алаңдатарлық мәселелер болса, ойын жақсы жаққа аударуға, мәселен, сүйікті ісімен айналысуға кеңес беріледі.


5 саны

Көбіне суық тию, тері аурулары, сондай-ақ бүйрек аурулары алдында әлсіз. Ой-санасына көп салмақ салатындықтан, ашушаңдық пен күйгелектікке көп жол береді.

Конфликт, стресс тудыратын жағдайлардың ағзасына айтарлықтай кері әсерін тигізетіні белгілі. Сондықтан, мұндай жағдайлардан барынша бойын аулақ ұстау керек. Физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да өзіне ауыр салмақ артпаған абзал. Өзін еркін сезіну, бойын да, ойын да бос ұстау, өмірінде көңілі қалаған өзгерістерді орнату, сүйікті ісімен айналысу – осының бәрі денсаулық жағдайына да оң ықпалын тигізеді.

Тамақтануға келгенде жаңғақтар мен саңырауқұлақ, сұлы және күріш ботқасы, сәбіз, картоп, ақжелкенді рационға қосуды естен шығармаңыз. Дене салмағына сай тәуліктік су мөлшерін қадағалап, қажетті норманы ішуге көңіл бөліңіз.


6 саны

Суық тию, тыныс жолдарына инфекция түсуі, жасы ұлғая келе жүрек ауруларымен күресуге тура келеді.

Тым белсенді болу, ағзасына ауыр физикалық салмақ салудың ақыры ауру-сырқауға душар етеді. Осыорайда тәтті, ащы және қуырылған тағамды көп тұтынуды да атай кету керек.

Тағдыр саны «6» шығатын жандардың жалпы ағза саулығы үшін грек жаңғағы, інжір, анар, жалбыз және түрлі бұршақ тұқымдас азықтар пайдалы болар еді.

Нумерологтар айтатын тағы бір кеңес: бәрін бақылауда ұстауға тырыспаңыз. Кішкентай ғана нәрсе сіз ойлағандай болмай қалса, болмашы сәтсіздік орны алса, соның өзіне шала бүлінуді доғарыңыз. Мұның соңы стреске, жүйке жүйесінің бұзылысына апарып соқтырады. Сондықтан, өзіңізді еркін ұстап, еш нәрсені жүрекке жақын қабылдамауды үйреніңіз.


7 саны

Ағзасы инфекциялық ауруларға бейім, ары-бері өтіп бара жатқан, кетіп бара жатқанның бәрін жұқтырып алады. Тұла бойында қанайналым нашар. Тері мәселелері көп туындайды. Артритпен алысуға да тура келеді.

Аталған дерттердің күш алып дендемеуі үшін өзіңізге физикалық және психикалық ауыр салмақ салмаңыз. Конфликті жағдайлардан іргеңізді аулақ салып жүріңіз. Жаман әдеттерді де бойыңызға жұқтырмаңыз. Өзіңізге оңашада демалу, ми тынықтыру мүмкіндігін көбірек сыйлаңыз. Боларды да, болмасты да уайымдап жүйкені шаршатқанша, медитация жасау арқылы мәселелердің салмағын жеңілдетіңіз.

Азық-түліктерден алма мен өрік, қарбыз, көк шай, жөке мен адамтамыр шөптері сіздің денсаулығыңыз үшін аса қажет.


8 саны

Көбінесе жүрек-қантамыр жүйесінде мәселелер туындайды, қан қысымы құбылып тұрады. Бауыр мен ішек жүйесін де біршама ауру-сырқаулар айналдырады. Сонымен қатар, құлақ, тіс, аяқ және бас аурулары да мазаны біраз қашырады.

Денсаулығыңызды сақтап, аурулардың ауылын алыстату үшін тамақтану рационында консервіленген азықтар мен фастфудқа орын бермеген жөн. Көк шай мен түймедақ қайнатпасын көбірек ішіңіз. Кедр жаңғағы мен күнбағыс дәндері, қышқыл алма мен алмұрт, балғын қызанақ, тәтті бұрыш, салат жапырақтары саулығыңызды сақтауға көмектеседі.

Сондай-ақ, көп жалғыз қалмауға, тұйықталып, өз мәселелеріңізбен жеке дара күреспеуге тырысыңыз. Өзіңізді күштеп белсенді болуға тартпасаңыз, бойкүйездік, енжарлық белең ала береді. Бәрін бақылауда ұстау әдетінен де арылып, ойыңыз бен бойыңызды артық ақпараттан бос ұстаңыз.


9 саны

Сізге дерт бірінші кезекте тыныс жолы мен өкпеден келеді. Бүйрегіңіз де сырқаттар алдында әлсіз.

Денім де, жаным да сау болсын десеңіз, конфликті жағдайларға бас сұқпаңыз, агрессия тудыратын жайттардан, ұрыс-керістен, негативтен мейлінше аулақ болыңыз. Қайырымды болу жақсы-ақ. Бірақ, басқаларға көмектесем деп жүріп өзіңізді ұмытып кетуге болмайды. Өз жәрдеміңіз өзіңізге де керек. Рухани және физикалық жай-күйіңізді бақылап, кеш болмай тұрғанда өзіңізді күтуге уақыт пен көңіл бөлгеніңіз абзал. Массажға барыңыз, йогамен айналысыңыз, медитация жасаңыз.

Майлы тамақты жемеуге тырысыңыз. Дәл сіздің ағзаңызға цитрусты жемістер, киви, мүкжидек, пияз, сарымсақ, зімбір, бұрыш құрамындағы пайдалы элементтер аса қажет.

Міне, осылайша өз тағдыр саныңыз бен нумерологтар сипаттамасын білу, кеңестерді іске асыру арқылы біршама ауру-сырқаудың алдын алуға болады.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ең көп күттіретін, үнемі кешігіп жүретін – ОЛ КІМ?