Робот ауруға шалдыққан азаматтың денсаулығының қызметін бақылап қана қоймай, видеожиналыстар кезінде байланыс құралының рөлін атқара алады екен.
ERNUR.KZ. АҚШ-та коронавирусты роботтың көмегімен емдеп жатыр. Американдық дәрігерлер науқасты емдегенде асқан мұқиятттылықты сақтап отырған көрінеді. Мамандар бұл жағдай ауру таралуының алдын алу үшін жасалып отырғанын жеткізді, деп жазады Stan.kz.
Науқас Вашингтон штатындағы жергілікті медициналық орталыққа орналастырылған. Арнайы құрастырылған робот ауруға шалдыққан азаматтың денсаулығының қызметін бақылап қана қоймай, видеожиналыстар кезінде байланыс құралының рөлін атқара алады екен. Дегенмен соның өзінде медбикелер камералардың орнын ауыстыру үшін науқас орналастырылған бөлмеге кіріп тұрады екен.
CNN-нің мәліметінше, АҚШ билігі 2014-2016 жылдардағы Эбола дертінің таралуына байланысты өздерінің денсаулық сақтау жүйесін жетілдіріпті.
"Біз науқаспен тікелей қатынас орнатпай-ақ, оны бақылаудан шығармайтын тәсілдерді ойлап тапқан болатынбыз. Осылайша біз аурудың таралуын алдын алуды ойластырдық", - деп мәлімдеді инфекциялық аурулар бөлімінің басшысы Джордж Диас.
Қазір науқастың карантинде қашанға дейін жататындығы әзірге белгісіз дейді мамандар.