АҚШ Солтүстік Кореядан өз азаматтарын босатуды сұрады

0
1 122

Майк Помпео «Солтүстік Кореядан америкалық азаматтарды босатуды 17 ай бойы сұрап келе жатырмыз» деп, Пхеньянның дұрыс шешім қабылдайтынына үміт артты. Үш азаматтың бірі 2015 жылы бас бостандығынан айырылса, қалған екеуінің абақтыда отырғанына бір жылдан асқан.


 АҚШ Солтүстік Кореядан өз азаматтарын босатуды сұрады

АҚШ-тың мемлекеттің хатшысы Майк Помпео Солтүстік Кореяға арнайы сапармен барды деп хабарлайды Айқын. Оның негізгі мақсаты – АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның арасында болатын кездесуге қатысты келіссөздерді аяқтап, тарихи саммиттің дайындығын пысықтау. Одан бөлек, Мемлекеттік хатшының тағы бір ең маңызды міндеті – Солтүстік Кореяда тұтқында отырған америкалық азаматтарды босатып, Отанына қайтару. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.

Оңтүстік Кореяның президент әкімшілігі Yonhap ақпараттық агенттігіне «Пхеньян тұтқындарды ымыраға келуге ниетті екенін білдіру үшін босатуға міндетті» деген пікір берген. Майк Помпео «Солтүстік Кореядан америкалық азаматтарды босатуды 17 ай бойы сұрап келе жатырмыз» деп, Пхеньянның дұрыс шешім қабылдайтынына үміт артты. Үш азаматтың бірі 2015 жылы бас бостандығынан айырылса, қалған екеуінің абақтыда отырғанына бір жылдан асқан. Олардың тұтқындалуы әлемдік ақпарат құралдарында адам құқының бұзылуы деп танылып, «саяси астары бар оқиға» деп түсіндірілді. «Өйткені Солтүстік Корея бұрыннан тұтқынға түскен шетелдік азаматтарды сыртқы елдермен келісімдер жасасуға пайдаланады» деп жазады ВВС.

Соңғы рет азат етілген америкалық азамат Отто Уормбир қонақ үйде шағын белгішені естелік ретінде ұрлап алғаны үшін түрмеге жабылған болатын. Өткен жылы босаған ол ауыр сырқаттан Америкаға келген бойда көз жұмды.

Бұл – Майк Помпеоның Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның кездесетіні белгілі болғаннан бері Солтүстік Кореяға екінші сапары. Ол сәуір айында өткен кездесу кезінде қос тараптың арасында жақсы қарым-қатынас орнағанын айтты. Дональд Трамп кездесу орны мен уақыты белгіленгенін хабарлап, «Мұның бәрі қандай нәтижеге әкелерін көреміз. Мүмкін ойға алғанымыз орындалмас. Бірақ бұл Солтүстік Корея, Оңтүстік Корея және бүкіл әлем үшін жақсы бастама болады» деп жазды.

АҚШ-пен саммит белгіленгеннен кейін, шетелдік сапарға шықпайтын Солтүстік Корея басшысы Қытайда болды. Қытай басылымдары оның Корей түбегіндегі ядролық қару қаупін жоюға сатылап өтетіні жөнінде айтқанын жеткізді. Осыдан соң, Қытайдың Сыртқы істер министрі Жапонияда Премьер-министр Синдзо Абэ және Оңтүстік Корея Президенті Мун Же Инмен кездесті. Жапония өз территориясының үстінен баллистикалық зымыранның ұшқанын көрген мемлекет ретінде Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартқанын қалайтынын мәлімдеді.