Наразылық Халл, Ливерпуль, Бристоль, Манчестер, Сток-он-Трент, Блэкпул, Белфаст қалаларында өтті.
ERNUR.KZ. 29 шілде күні Саутпортта би студиясындағы балалар өлімінен кейін Ұлыбританияның бірнеше қаласында тұрғындар наразылыққа шықты. Кейбір елді мекендерде демонстранттар мен полиция арасында қақтығыстар болды. Салдарынан полиция қызметкерлері жараланды, деп жазады stan.kz.
Наразылық Халл, Ливерпуль, Бристоль, Манчестер, Сток-он-Трент, Блэкпул, Белфаст қалаларында өтті. Шеруге қатысушылар дүкендерді қиратып, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Кей жерлерде шеру бейбіт түрде өткен.
“Өшпенділік тудыруға тырысқан экстремистермен күресте үкімет полицияға толықтау қолдау көрсетеді”, – деді Британ премьер-министрі Кир Стармер.
Корольдіктің ішкі істер министрі Иветт Купер полицияға наразылыққа шыққан әсіре оңшылдарға қарсы қатаң шаралар қолдануға рұқсат берді.
“Полиция бізге толықтай сенім арта алады. Мұндай тәртіпсіздікке қатысқан әр адам өз ісі үшін жауап беретінін түсіну керек”, – деді ол.
16 жастағы қазақстандық Шри-Ланкада серфингпен айланысып жүріп қаза тапты
Тәртіпсіздік 30 шілде күні Саутпортта басталды. Салдарынан 30-ға жуық полиция қызметкері жараланды. Адамдардың наразылыққа шығуына би клубындағы 3 баланың өлімі себеп болды. Балалардан бөлек тағы 10 адам жараланған еді. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 17 жастағы жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұлыбританиядағы тәртіпсіздіктер күдіктінің мигрант және радикалды исламшыл екені туралы ақпарат тарағаннан кейін өршіп кетті. Полиция өз кезегінде бұл ақпаратты жоққа шығарып, күдікті Аксель Рудакубананың Ұлыбританияда туғанын және оның ата-анасы Руандадан екенін мәлімдеді.
Еске салайық, балалар би клубындағы шабуыл жасалып, салдарынан 9 бала жараланып, екеуі пышақ жарақатынан қаза тапқаны туралы жазған едік.