Украина басшысы жақын арада елден кеткен босқындардың кері қайтатынына сенім білдірді.
ERNUR.KZ. Украина президенті Владимир Зеленский Польша елінің көмегі жайлы айтты. Ол бұдан былай Украина мен Польша арасында "шекара жоқ" екенін мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.
"Польша мен Украина билігі шекарадағы гуманитарлық дағдарысты болдырмады. Мыңдаған украиналық әйелдер мен балаларды лайықты қарсы алды. Ешкім олардың ұлты мен дінін, қанша ақшасы барын сұрап жатқан жоқ. Енді бауырлас Польша елімен арамызда шекара жоқ. Өйткені біз бірге мейірімділікті таңдаймыз", - деді Зеленский.
Сондай-ақ, Украина басшысы жақын арада елден кеткен босқындардың кері қайтатынына сенім білдірді.
"Жақында адамдарымызға: "Қайтыңыздар! Польша, Румыния, Словакия мен өзге де достас мемлекеттерден қайтыңыздар. Енді қауіп жоқ, деп айта аламыз деп үміттенемін", - делінген Зеленскийдің телеграм-каналында жарияланған видео-үндеуде.
Ал Украинаның қорғаныс министрі Алексей Резников қақтығыс басталғалы бері Украинаға 60 мың азаматтың қайтып келгенін айтты.
"66 224. Өз елін ордадан қорғау үшін осынша ер азамат қайтып келді. Бұл қосымша 12 жауынгерлік топ. Украиналықтар, біз жеңілмейтін халықпыз", - деп жазды ол "Твиттерде".