Жалаң қолмен мұнараның ұшар басына дейін өрмелеп шыққан.
ERNUR.KZ. Дүйсенбі күні қырық жастағы ер адам Париждегі Эйфель мұнарасының басына шығып, секіремін деп жұртты дүрліктірді. Кейіннен ол құтқарушыларға берілді, деп жазады ҚазАқпарат.
Оқыс оқиға күндіз болған. Қара киінген әлгі адам қоршаулардан асып өтіп, мұнараның екінші қабатына көтерілген. Содан әрі жалаң қолмен мұнараның ұшар басына дейін өрмелеп шыққан.
Телеарнаның хабарлауынша, бір жарым сағатта «өрмекші адам» 300 метрдей биікке - шолу алаңының астына дейін көтерілген. Оқиға орнына Эйфель мұнарасында жедел әрекет ететін құтқарушылар мен полицейлері жұмылдырылды.
Екі құтқарушы шолу алаңынан арқанмен оған жақындап, бұл ойынан қайтуға көндірмек болады. Оны көндіру бірнеше сағатқа созылған. Тек қараңғы түскен соң ғана өз райынан қайтқан адам полицейлерге берілді. Айта кетейік, соңғы жылдары Эйфель мұнарасына жыл сайын 7 миллионнан астам турист келіп жүр.