ERNUR.KZ. Иран билігі Израильдің «Моссад» ұлттық барлау қызметінің агенті деп танылған Мохсен Лангар-Нешинді тыңшылық және террористік әрекеттерге қатысы бар деген айыппен өлім жазасына кесті, деп жазады BAQ.KZ.
Сот жүйесінің баспасөз орталығының мәліметінше, үкім 2024 жылғы 30 сәуірде таңертең орындалды. Өлім жазасы Иранның Жоғарғы сотының барлық заңды процедураларынан – сот тергеуі, апелляциялық шағым және үкімді түпкілікті бекіту процестерінен кейін жүзеге асырылған.
Мохсен Лангар-Нешин Израильдің пайдасына тыңшылық жасады, оның ішінде Ислам революциясының қамқоршылар корпусының полковнигі Хасан Саяд Ходайдың Тегеранда өлтірілуіне қатысы бар деп танылды. Ресми мәліметке сүйенсек, ол Моссадпен 2020 жылдың соңынан бастап жұмыс істей бастаған.
Екі жыл бойы Лангар-Нешин Иран аумағында террористік операцияларды жүзеге асыру үшін логистикалық және техникалық қолдау көрсеткен. Ол сондай-ақ Исфахандағы Қорғаныс министрлігінің өндірістік нысанына жасалған шабуылды ұйымдастыруға қатысып, байланыс құралдарын қамтамасыз еткен.
Тергеу барысында айыпталушының кінәсі қорғалған байланыс арналарын пайдалануы сияқты барлау және техникалық дәлелдермен расталған. Сонымен қатар, ол өз кінәсін тергеу кезінде де, сот отырыстары барысында да мойындаған.
БҰҰ деректеріне сәйкес, 2024 жылы Иранда 900-ден астам адам өлім жазасына кесілген.