Қазақстан халқының бірлігі күні 1995 жылғы 18 қазанда бекітілді.
ERNUR.KZ. Бүгін қазақстандықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтіп жатыр. Бұл – бейбітшілік пен келісім, бірлік пен ынтымақтың мерекесі.
Мейрамның тарихы
Қазақстан халқының бірлігі күні 1995 жылғы 18 қазанда президент жарлығымен бекітілді. Осылайша мейрам 1996 жылдан бастап тойланып келеді.
Алғашында 1 мамыр – "Қазақстан халықтарының бірлігі күні" деп аталған. Қазақстан халқы Ассамблеясының атауы да көптік жалғаумен болды. Артынан Қазақстан халқының біртұтас ел екенін көрсету мақсатында көптік жалғау алынып тасталды.
Халық бірлігі күнін мемлекеттік деңгейде бекітудің өзіндік мәні бар. Біріншіден, Қазақстанда бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлттың өкілі тұрады. Олардың басым бөлігі Қазақстанға ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы жаппай депортациялау және эвакуациялау кезінде көшіп келген. Дегенмен тәуелсіздік алғаннан кейін де әртүрлі ұлт өкілдері қазақ жеріне қоныстанды. Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтудің тағы бір себебі, этникалық бейбітшілік пен келісім саясаты – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі.
Жыл сайын 1 мамырдың алдында Қазақстан халқы ассамблеясының отырысы өтіп тұрады.
Бірлік бар жерде алғыс айтылады
Қазақстанда ұлтаралық бірлік пен достықты нығайтуға арналған тағы бір мейрам бар. Ол - Алғыс айту күні. Бұл мерекені ассамблея құрылған күні – 1 наурызда атап өтеді.
Оны "барлық этностың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде" атап өтуге ұсыныс жасалған. Осылайша Қазақстан халқы бұрынғыдан да жақындаса түсіп, бір-біріне деген достығы мен сыйластығы артады.
Бүгінде қазақтар ол күні бір-біріне алғыс айтып, отбасылық қарым-қатынастарды күшейтуге тырысады.
Қазақстан халқы ассамблеясы да 1995 жылы құрылған болатын.
Қазақстандықтар неше күн демалады
Қазақстан халқының бірлігі күні мемлекеттік мерекелер санатына кіреді. Сондықтан жыл сайын осы күні қазақстандықтар демалады. Биыл 1 мамыр аптаның ортасына – бейсенбіге түсіп тұр. Осылайша қазақстандықтар бейсенбі күні демалым, жұма күні жұмысқа шығады.
Қазақстан халқының бірлігі күні – 1 мамырда Астанада дәстүрлі түрде субұрқақтар іске қосылады.