Коронавирус Қытай өңірлерінің жартысына тарап кетті

0
2 276

Вирус тараған барлық өңірде санитарлық шаралар күшейтілді.


Коронавирус Қытай өңірлерінің жартысына тарап кетті

ERNUR.KZ. Өткен тәулікте Қытайда коронавирусты жұқтырған 160-қа тарта науқас анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл соңғы 10 күндегі ең жоғары көрсеткіш. Жергілікті үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, соңғы күндері анықталған науқастардың саны бес айдағы жалпы көрсеткішке жетті. Елде санитарлық шаралар күшейтіліп, вакциналау науқанын үдетіп жатыр.

Соңғы екі аптада коронавирус Қытай өңірлерінің жартысына тарап кетті. Көбісі Нанкинмен байланысты болып шықты. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл қалада Ресейден ұшып келген ұшақты тазалаған әуежай қызметкері Дельта штамын жұқтырған. Вирус тараған барлық өңірде санитарлық шаралар күшейтілді.

- Жақында Нанкин, Чжанцзяцзе және Чжэнчжоу қалалары секілді қауіпті аймақтарда барып қайтқандарға бұл туралы жұмыс орны немесе тұратын мекенжайына хабарлауға кеңес береміз. Науқастармен қатынасқандар карантинге алынады, ал олармен бірге жұмыс істейтін немесе жақын тұратын адамдар бақылауға алынып, оларға кез келген қоғамдық шараларға қатысуға тыйым салынды, - дейді Бейжің қаласының ауруларды бақылау мен алдын алу орталығы директорының орынбасары Пан Синхо.

Бейжің шаһарында ауру тіркелген аудандардың тұрғындарына қаладан кетуге тыйым салынды. Қалғандарынан да өзге өңірлерге, әсіресе коронавирус тіркелген аймақтарға бармауға нұсқау берілді. Саябақтар мен өзге де мекемелер қабылдайтын қонақтар санын 60% дейін қысқартуға тиіс. Сондай-ақ елде вакциналау науқанын үдете түсті.

- Вакциналаумен қатар індеттің алдын алу мен мұқият бақылау шаралары өтуі тиіс. Бұл вирустың таралуына жол бермеудің жалғыз амалы. Екпе салдырғаннан кейін адамдарға қауіпсіздік шараларын сақтауын жалғастыруға нұсқау береміз, - деді ҚХР ауруларды бақылау мен алдын алу орталығының сарапшысы Цю Имин.

Қытай тұрғындарына бір миллиард 600 милионнан аса екпе жасалды. Егде жастағы 150 миллион және 12-17 жас аралығындағы 12 миллион жасөспірім вакциналанды. Сарапшылардың мәліметінше, елде қолданылып жүрген препараттар Дельта штамына да тиімді. Алайда ол тез жұғатындықтан, тосқауыл қою қиын. Бүгінде Қытай ауруханаларында ковидке шалдыққан бір жарым мыңдай адам емделіп жатыр.