Апатты деп танылған № 2 жатақхананың 5 қабатты ғимараты 1972 жылы салынған.
Фото: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
ERNUR.KZ. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің апатты деп танылған жатақханасының бір бөлігі құлап қалды. Жатақхана бүгін, 22 сәуірде құлаған. Бұл — студенттер тұрмайтын жатақхана, деп жазады inform.kz.
Жоғары оқу орнының баспасөз қызметі жатақхананың құлап қалғанын растады. Апатты деп танылған № 2 жатақхананың 5 қабатты ғимараты 1972 жылы салынған.
— Университеттің шаруашылық бөлімі 2022 жылдың қараша айында № 2 жатақханадағы 1-қабатының қабырғасында ақаудың пайда болғанын анықтады. Осы жағдай анықталған соң мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жатақхананың техникалық қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге конкурс жарияланды. 2023 жылғы 21 ақпандағы № 138 келісімшартқа сәйкес «PFA compani» ЖШС техникалық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ғимараттың апатты жағдайда екені расталды. Студенттердің бәрі басқа жатақханаларға көшіріліп, орналастырылды, — деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Атырау облысының құрылыс басқармасы университеттің апатты жағдайдағы екі жатақханасының ғимаратын бұзу, студенттерге арналған 1000 орындық жаңа жатақхана салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындаған. Жаңа нысанның жобалаушысы — «Авангард ОК» ЖШС. Жоба сараптамадан өтуге жолданған.
— Апатты деп танылған № 2 жатақхана айналасы қоршалған. Жатақхананың құлағанынан ешкім зардап шеккен жоқ, — деп мәлім етті баспасөз қызметінен.