Ай басынан бері жұманың таңын қосқанда Нью-Йоркте 350 мм жуық жауын жауған.
ERNUR.KZ. Апта бойы тоқтамай тұрған ақжауын Нью-Йорк пен оның іргесіндегі елді мекендерді су астында қалдырды. Қала мэрі төтенше жағдай туралы жариялады, ал штат губернаторы адам өміріне қауіп бар екенін мәлімдеді. Биылғы қыркүйек Нью-Йорктегі 1882 жылдан бергі ең жаңбырлы ай деп танылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ай басынан бері жұманың таңын қосқанда Нью-Йоркте 350 мм жуық жауын жауған. Әзірге қала мен штат билігі тасқын салдарынан қаза тапқандар мен ауыр жарақат алғандарды тіркемегенімен, құтқару қызметі су басқан үй астындағы жайлардан адамдарды алты рет шығарып алған.
Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс мектептерді жаппау туралы шешім қабылдады, себебі оқушыларға қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен ол қала тұрғындарын су басып қалуы ықтимал жерлерде абай болуға шақырды.
Нью-Йорк штатының губернаторы Кэти Хокул нөсер жауынды адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін деп атап, Нью-Йорк, Лонг-Айленд пен Хадсон-Ривер-Вэлли тұрғындарын тәуекел етпей биіктеу жерлерде болуға шақырды.
Қала полициясы көптеген жолды тасқынға байланысты жабуға тура келгенін хабарлады. Әсіресе көпір астынан немесе туннель арқылы өтетін магистральдардағы қозғалыс шектелгенін айтты.
Төрт метро желісі толықтай жабылған, ал 12 желіде кей бекеттер жұмыс істемейді немесе кешігіп жатыр. Әңгіме миллиондаған адам пайдаланатын негізгі маршруттар туралы болып отыр.
Куинс ауданындағы Ла-Гуардия әуежайы А терминалы уақытша жабық болатынын мәлім етті.
Таңнан бері ұшу жолағына 100 мм астам жауын-шашын түскен Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежай әкімшілігі ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстер кешігуі, тіпті ұшпауы да мүмкін екенін ескертіп, жолаушыларды кестені алдын ала тексеріп алуға шақырды.