"Бірақ күйеуім бұл туралы сөз қозғай бастасам жақтырмай, теріс бұрылады. Тыңдағысы келмейді."
Сурет: fb.ru
"Тұрмысқа шыққаныма үш жыл болды. Аллаға шүкір, тәп-тәтті қызым бар. Сырттай бізде барлығы мінсіз, керемет отбасымыз. Барлығы жеткілікті, ешқандай мұқтаждығымыз жоқ. Күйеуім асырап отыр. Ал мен баламен үйде отырмын қазірше. Келешекте қызым кішкене өссе балабақшаға орналастырып, жұмысқа шықсам деген ниетім бар." - ERNUR.KZ тілшісіне мұңын шаққан келіншек әңгімесін осылай бастады.
"Бірақ күйеуім бұл туралы сөз қозғай бастасам жақтырмай, теріс бұрылады. Тыңдағысы келмейді. Мен оны басында қызымның кішкентай болғандығымен байланыстырдым. Енді қазір «Не жетпей жатыр саған? Үйде отыр балаға қарап. Қызымызды балабақшаға берсең де, екінші перзентке жоспар жасамайсың ба? Бір қызбен шектеліп қалмайтын шығармыз? Кемінде төрт бала тауып, соларды бағып-қағып өсіріп ал, одан кейінгісін көре жатармыз» деп алдымды орайды.
Бұл қызғаныштың әсерінен айтылып отырған сөз деп ойлаймын. Бірақ, жас кезімде жұмыс істемесем, тағы он жылдан соң білгенімді ұмытып, үйкүшік болып қалмаймын ба? Бұдан кейін жұмыс істеуге деген ниетім де қалмайды ғой.
Осыны айтып түсіндіре алмай қойдым. Өз достарынан, туыстарынан, тіпті теледидардағы жігіттерден де қызғанады. Үйде отырған соң, арасында сериал көремін. Мен ғана емес, үйде отырған келіншектердің барлығы көреді деп ойлаймын. Бізге де демалыс, бір ауық сергу керек шығар. Бір күні сүйікті сериалымды қарап отырып, қаншама қиындықтан өтіп, соңында тірі қалатын кейіпкер үшін қуандым. Соны күйеуім көріп «Азаннан-кешке дейін қайдағы бір еркекті көріп аузыңның суы ағып отырасың. Неменеге қуанып, мәз болып отырсың?» дейді.
Үйге жұмыстан соң досымен келеді, артынан сол досынан қызғанады. Неше түрлі боғауыз сөздер айтады. Бірақ қол көтерген жоқ. Сонда да көңіліме тиеді. «Қашанғы жалғаса береді бұлай?» деп кетіп қалғым келеді. Бірақ қызыма әке керек қой. Күннен күнге қызғанышы үдеп барады. Үйде отырғанымда осылай қызғанса, көшеге шықсам не істер екен?"