"Өлсек, бірге өлейік дедім": Жүкті әйел өзіне асүй пышағымен кесір тілігін жасап, босанды

0
1 289

Ауылда аурухана да, қарапайым дәрігер де жоқ.


ERNUR.KZ. Мексиканың Оахака штатындағы кішігірім ауылда тұратын 40 жастағы Инес Рамирес өзіне асүй пышағымен кесір тілігін жасап, босанды. Белгілі болғандай, оның жеті баласы бар. Тағы екеуі туғаннан кейін шетінеп кеткен екен, деп жазады stan.kz.

Инес пен күйеуі тұратын ауылда аурухана да, қарапайым дәрігер де жоқ. Сондықтан осыған дейін әйелін күйеуінің өзі босандырып келіпті. Алайда әйел оныншы перзентін босанатын кезде күйеуі шаруаларымен өзге жаққа кеткен.

Рамирес толғағы жиілеп, алайда босануы қиындағанын байқағанда әлдененің дұрыс еместігін түсінген. Осы себепті ол өзіне кесір тілігін жасауды ұйғарады. Десе де ол мұндай отаның қалай жасалатынын білмеген және қолында хирургиялық құралдар болмаған. Осыған қарамастан, Инес ауруды басу үшін 3 стақан ликер ішіп, артынша асүй пышағымен ішін тіліпті. Бұл тек үшінші талпыныстан мүмкін болған. Артынша ол құрсағынан баланы алып шығып, кіндігін кеседі. Мұнан кейін жас босанған әйел есінен танып қалған.

Осы кезде әйелдің 6 жасар ұлы ауылдағы мал дәрігерін көмекке шақырып, ертіп келген екен. Ер адам әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ішін кәдімгі жіппен тігіп беріпті. Мұнан кейін әйелді ауылдан 80 шақырым жердегі ауруханаға алып баруға тура келген.

Ал ауруханадағы дәрігерлер Инестің қалай босанғанын біліп, сене алмаған. Оған қоса, әйелдің өзіне жасаған отасынан кейін ауруханаға жеткенге дейін 16 сағат өткен. Жас босанған әйел мен оның сәбиі Орландоның тірі қалуы таңғажайып жағдай, дейді.

Дәрігерлер әйелді тексеріп, оның өзіне кесір тілігін жасаған кезде ішегін зақымдағанын анықтапты. Ақ халаттылар әйелге тиісті ем-дом жасап, арада 10 күн өткеннен кейін Инес пен сәбиі үйіне жіберілді.

Инес БАҚ-қа берген сұхбатында мұндай қадамға амалсыздықтан барғанын айтқан.

«Мұндай ауруға шыдай алмадым. Сондықтан егер сәбиім шетінеп кететін болса, екеуіміз бірге өлейік деп ойладым. Ал егер маңдайына тірі қалу жазылса, оның ер жеткенін көріп, жанында болғым келеді. Құдай екеуіміздің де жанымызды аман алып қалды деп білемін», - дейді Инес Рамирес.