Ұлыбританияда алаяқ азамат билікті өзінің 188 баланың әкесі екеніне сендіріп, айлалы жолмен 1,8 миллион фунт стерлинг (1 млрд теңгеден аса) алып кеткен.
ERNUR.KZ. Алайда айлакер қазір түрмеде отыр. Бұл жөнінде Daily Star жазады, деп жазады Stan.kz.
Британдық детективтер тоғыз жылға созылған алаяқтықтың сырын ашқан. 40 жастағы Али Бана Мұхамед дүниеге келмеген 188 балаға салық несиелері мен жеңілдіктер алу үшін достары мен отбасын пайдаланып келген.
Тоғыз жыл ішінде 70 адамның атынан жалған балаларға жәрдемақы тағайындау туралы жүздеген өтініштер келіп түскен, алайда бұл өтініштердің артында Мұхамедтің өзі немесе оның сыбайластары тұрған. Шенеуніктер бір-біріне қатысы жоқ мәлімдемелердің барлығында екі телефон нөмірі көрсетілгенін байқаған сәтте алаяқтықтың сыры ашылған. Осыдан кейін ер адамды іздеу әрекеттері басталған.
Тергеу барысында алаяқтың Манчестер, Бирмингем және Лондонда тұратын сомалилік алты сыбайласы ұсталды. Мұхамедтің үйінде тінту жүргізіліп, оның барысында өмірде жоқ балаларының аты-жөні мен туған күні, сондай-ақ оның атынан өтініш бергендердің тізімі жазылған дәптер табылды.
Сот алаяқты үш жарым жылға бас бостандығынан айырды. Мұхамед есірткі саудасы мен иммиграциялық қылмыстар үшін 16 жыл жазасын өтеп жатқандықтан, бұл жаза оның ескі мерзімінің үстіне қосылады. Алаяқтың сыбайластары да түрме қабырғасына тоғытылды.