Палестинаны жақтаушы наразы топ АҚШ Конгресі ғимараттарының біріне басып кірді

0
466

17 қазанда Газа ауруханасына әуеден соққы жасалып, салдарынан жүздеген адам көз жұмды.


Палестинаны жақтаушы наразы топ АҚШ Конгресі ғимараттарының біріне басып кірді

ERNUR.KZ. Израильдің Газадағы әрекеттеріне наразы үлкен топ Вашингтонның Капитолийінде орналасқан АҚШ Конгресі ғимараттарының біріне басып кірді. Полиция акцияға қатысқан ондаған адамды ұстап әкетті, деп жазады inform.kz.

Агенттік тілшісі оқиға орнынан хабарлауынша, акцияны “Бейбітшілік үшін еврей үні” солшыл ұйымы ұйымдастырды. Олар өздерін антисионистер және геноцидпен күресушілер деп атайды, талабы – Израиль мен Газадағы соғысты дереу тоқтату.

Наразылық акциясына әсіресе, АҚШ басшысы Джо Байденнің Тель-Авивке сапары себеп болған. Қарсылық танытушылардың көбі Байденді Израильдің кез келген әрекетіне мүмкіндік беріп, Газа тұрғындарын құрбан етіп жатқандарды сынға алмайды деп айыптады.

Демонстранттар «дереу оқ жаудыруды тоқтатыңдар!» деп ұрандады. Кейін полиция оларды ұстап, ғимараттан шығарып жатты. Ұсталғандардың нақты саны белгісіз, бірақ ондаған адам екені анық.

Газа ауруханасында жарылыс болғаннан кейін Таяу Шығыс елдерінде наразылық шаралары көбейді – Euronews.

Палестиналықтар мен олардың жақтастары соққыны Израиль жасады деп айыптап отыр. Ал Израиль тарапы ғимратқа палестиналық зымыран түсті деп мәлімдеді.

Наразылық шаралары әлемнің бірқатар елінде болып жатыр. Иорданияда Израиль елшілігінің алдына бір топ адам жиналса, Бейрутте АҚШ елшілігінің алдына келген. Иордан теңізінің батыс жағалауындағы Хевронда ондаған палестиналық азамат Израиль сарбаздарымен қақтығысып қалды. Наблус пен Рамаллахада да қарсы топ акцияға шықты.

Бағдадта митингіге қатысушылар алаңға жиналып, “жасыл аймаққа”, яғни америка үкіметі отырған жерге кіруге тырысты, бірақ қауіпсіздік күші оларға мүмкіндік бермеді.

Ыстанбұлда ереуілшілер жиыны полициямен қақтығысқа ұласып, 60 адам зардап шекті, тәртіпсіздікті ұйымдастырған бес адам қамауға алынды. Газа ауруханасына соққыдан жүздеген адамның қаза болуына байланысты Түркия билігі үшкүндік аза тұту жариялады.

Тегеранда наразы топ Израиль туларын өртеп, Франция мен Ұлыбритания елшілігіне жұмыртқа лақтырды.

Нью-Йоркте бір уақытта Израильді жақтаушылар мен палестиналықтарды қолдаушылар көшеге шықты. Полиция қақтығысты болдырмас үшін оларды екі топқа бөлуге мәжбүр болды.

Еске салайық, 17 қазанда Газа ауруханасына әуеден соққы жасалып, салдарынан жүздеген адам көз жұмды. Кейінгі мәліметке сәйкес, олардың саны 800-ден асты.

Палестина президенті Махмуд Аббас үшкүндік қаралы күн жариялады. Ол 19 қазанға АҚШ басшысы Джо Байденмен жоспарланған кездесуін күтпестен Амманнан ұшып кетіп, Рамаллаға оралған.

ХАМАС ауруханаға шабуылға Израильді кінәлап отырса, изральдік билік бұған палестиналық анклавтан сәтсіз ұшырылған зымырандар себеп болғанын және оған “Ислам жиһады” жауапты екенін айтуда.