Президентінің ұлы жаңа қызметке тағайындалды

0
1 243

Президенттің жалғыз ұлынан басқа үш қызы бар.


Президентінің ұлы жаңа қызметке тағайындалды

ERNUR.KZ. Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жалғыз ұлы, 37 жастағы Сердар Бердімұхамедовті Ахал уәлаяты әкімінің орынбасары етіп тағайындады. Бердімұхамедовтің жаңа қызметке тағайындалғаны туралы 2 қаңтар күні үкімет сайтында қысқа ақпаратпен ғана хабарланды, деп жазады centralasian.org.

Сердар Бердімұхамедов бұған дейін бір жылдан аз уақыт сыртқы істер министрінің орынбасары болған. Түркіменстанның оңтүстігіндегі Ахал уәлаяты Иран және Ауғанстанмен шектеседі. Уәлаяттың әкімшілік орталығы Аннау қаласы ел астанасы Ашхабадтан небәрі сегіз километр қашықта орналасқан.

Сердар Бердімұхамедов жаңа қызметке тағайындалғанымен, оның парламент депутаты мандаты сақтала береді. Ол парламентке 2018 жылы наурызда өткен сайлауда депутат болған.

Кіші Бердімұхамедов депутат болып сайланғаннан кейін ұзамай сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалған соң тәуелсіз бақылаушылар оны биліктегі әкесінің ықтимал мұрагері деп атай бастаған. Бердімұхамедовтің ұлы депутат болып сайланғанға дейін сыртқы істер министрлігінде департаментті басқарған.

61 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы табиғи газға бай Түркіменстанды өзіне дейінгі президент Сапармұрат Ниязов қайтыс болған 2006 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді.

Түркіменстан билігін сынайтындар мен құқық қорғаушылар Бердімұхамедовтің билікке келгелі өзгеше ойлайтындарды қудалағанын және айтарлықтай өзгеріс жасамағанын айтады. Президент Бердімұхамедовтің жалғыз ұлынан басқа үш қызы бар.