Ресейде арақ саудасын шектеу мәселесі қарастырыла бастады

0
304

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, РФ дәстүрлі түрде Еуропада алкогольді тұтынудан ең жоғары көрсеткіштермен алда тұр.


Ресейде арақ саудасын шектеу мәселесі қарастырыла бастады

Фото: Евгений Разумный, Ведомости/ТАСС

ERNUR.KZ. Ресейдің Вологда облысының депутаттары алкогольдік ішімдіктерді сатуды жұмыс күндері екі сағаттық мерзімге шектеуді ұсынды. Өйткені жергілікті губернатордың мәлімдеуінше, өлім-жітім туралы статистика "сұмдық" көрсеткіштерді байқатып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Вологда губернаторы Георгий Филимоновтың айтуынша, аймақтағы еңбекке жарамды жастағы ер адамдар арасындағы өлімнің 71 пайызы алкогольдік ішімдікті ішумен байланысты екен. Олардың арасында бауыр циррозы мен жүрек ауруынан қайтыс болғандар көп.

"Бір жылдың ішінде маскүнемдікке шалдыққандар саны 30 пайызға өсті. Бұл қорқынышты көрініс", - деді ол өзінің Telegram-каналына жариялаған сегіз минуттық үндеуінде. Және де облыс басшысы жергілікті депутаттар қарастырған заң жобасын қоғамдық денсаулыққа шұғыл араласу ретінде сипаттады.

"Жерлестеріміз өліп жатқанда біз бейжай отыра алмаймыз. Егер халық қырылып жатса, соғыстағыдай қырылып жатса, олардың орнын кім басады?", - дейді Филимонов.

Жергілікті заң шығарушы органда талқыланып жатқан жоба дүкендерде алкогольді тек түскі сағат 12:00-ден 14.00-ге дейін сатуға рұқсат береді. Бірақ жаңа ереже демалыс және мерекелік сатылымдарға әсер етпеуі керек. Егер қабылданатын болса, бұл шектеулер келесі жылдың 1 наурызында күшіне енеді.

Ресейде демографиялық мәселелер Украинада соғыс жүріп жатқан шақта бірінші орынға шықты. Ал өткен айда жарияланған ресми деректерге жүгінсек, бұл мемлекетте туу көрсеткіштері соңғы ширек ғасырдағы ең төмен деңгейге дейін құлдырап кеткен.

Ресми статистика бойынша, өткен жылы ресейліктердің орташа өмір сүру ұзақтығы 73,1 жасты құрады. Сол жылғы "Еуростат" деректері Еуропалық Одақ елдерінің азаматтары орта есеппен 81,5 жыл өмір сүретінін көрсетіп берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Ресей дәстүрлі түрде Еуропада алкогольді тұтынудан ең жоғары көрсеткіштермен алда тұр. Айта кетсек, ресейлік және кеңестік лидерлер бұған дейін ішімдік ішу әдеттерін өзгертуге тырысты, бірақ ол шаралар шектеулі ғана табысқа жетті.

"Болашақ ұрпақтың денсаулығына, экономикаға, қоғамдық, әлеуметтік және мәдени өмірімізге орны толмас зиян келтіріліп жатыр. Ал мұның бәрін соғыста емес, бейбіт заманда көріп отырмыз",- дейді Филимонов.

Сәрсенбіде РФ парламенті төменгі палатасының депутаты мемлекеттік мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат беріп, бүкіл Ресей аумағында алкогольді сатуды біртіндеп шектеуді қолдайтынын айтты. Бірақ Кремль мұндай шектеулердің федералдық деңгейде қарастырылмағанын мәлімдеп отыр.

2010 жылы Ресейдің сол кездегі премьер-министрі Владимир Путин алкоголь сату мен өндіруге шектеу қою, салықты арттыру және жарнаманы да шектеу жайлы құжатты бекітті.

Ресейдің соңғы императоры Николай II патша 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып жатқанда көптеген мекемелерде арақ сатуға тыйым салды.

Дегенмен, арада 11 жыл өткенде, яғни, 1925 жылы Иосиф Сталин бұл тыйымды алып тастап, мемлекеттік қазынаны толтыру үшін араққа мемлекеттік монополия жүйесін қайта енгізді.