"Суға бай атмосфера бар": Ғалымдар жерден аумайтын планетаны тапты

0
294

​​Кембридж университетінің астрономдары Жерден 124 жарық жылы қашықтықта орналасқан K2-18b экзопланетасына қатысты мәлімдеме жасады.


ERNUR.KZ. Бұл – адамзат тарихындағы Жерден тыс өмірге қатысты ең сенімді дәлел болуы мүмкін, деп жазады baq.kz.

Кембридж университетінің профессоры Никку Мадхусудхан бастаған астрономдар тобы K2-18b атты экзопланетаның атмосферасынан тіршілік белгілері болуы ықтимал химиялық қосылыстарды тапты. Бұл – ғаламшардан тыс тіршіліктің бар екенін көрсететін алғашқы нақты әрі үміт сыйлайтын дерек болуы мүмкін.

Метан мен көмірқышқыл газы. Бұл тіршіліктің белгісі ме?

Ғалымдар ғарыштағы ең озық құрал – Джеймс Уэбб телескобын қолданып, K2-18b планетасын зерттеу барысында атмосферада метан мен көмірқышқыл газының ерекше концентрациясын анықтаған. Бұл заттар Жерде көбіне тірі организмдердің тіршілігі нәтижесінде түзіледі.

Профессор Мадхусудхан BBC-ге берген сұхбатында:

Егер бұл молекулалардың пайда болуы тіршілікке байланысты болса, онда бұл планета тіршілікке лық толы деген сөз, – деп мәлімдеді.

Ғаламшар – суға бай, атмосферасы бар

Зерттеудің тағы бір авторы, ғарыш телескопы институтының ғылыми қызметкері Манс Хольмбергтің айтуынша, K2-18b атмосферасы сутекке бай, ал оның бетінде Жердегі кез келген мұхиттан тереңірек су болуы мүмкін. Ол:

Бұл жүйеде бізге таныс ештеңе жоқ. Мұндайды Күн жүйесінде көрмедік, – деді The Washington Post-қа берген сұхбатында.

Асығыстық танытпаған жөн – ғалымдар сақтыққа шақырады

Астроном Никку Мадхусудхан бұл мәліметтерді өмірдің дәлелі ретінде қабылдауға әлі ерте екенін айтты.

Біз әлі нақты дәлелге жеткен жоқпыз. Дегенмен бұл адамзаттың тарихында алғаш рет тіршілікке жарамды планетадан биологиялық белгі көруі, – деді ол The New York Times-қа берген сұхбатында.

Жобаның келесі кезеңінде ғалымдар атмосферадан диметилсульфид (ДМС) және диметилдисульфид (ДМДС) секілді аса реактивті газдардың болуын зерттемек. Бұл газдар биологиялық процестер нәтижесінде ғана тұрақты түрде пайда болуы мүмкін. Қазірдің өзінде бұл заттардың концентрациясы жоғары, бірақ ғылымға қажет дәлел үшін қосымша деректер қажет.

Температурасы Жерге ұқсас, бірақ жыл небәрі 33 күнге созылады. K2-18b – 2015 жылы ашылған планета. Ол Жерден 2,6 есе үлкен және 8,6 есе ауыр. Температурасы Жермен шамалас болғанымен, бұл ғаламшар өз жұлдызының айналасында өте жылдам қозғалады. Бір жыл тек 33 күнге созылады.

Мамандар K2-18b планетасын Hycean worlds – яғни сутекке бай атмосферасы мен мұхитпен көмкерілген ерекше әлемдер санатына жатқызады.

Бұл неге маңызды?

Егер бұл биомолекулалардың пайда болуы тіршілікке байланысты екені дәлелденсе, онда бұл – тек K2-18b-да ғана емес, бүкіл ғаламда тіршілік кең таралған деген сөз.